Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен «Тәжірибе мен тағылым» тақырыбында мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті.

Жиынға мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, жас мемлекеттік қызметшілер мен сала мамандары қатысты.

– “Мемлекеттік қызмет – халыққа адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Бүгінгі жас буын аға буынның өнегелі жолынан тағылым алып, олардың кәсібилігі мен жауапкершілігін үлгі етуі қажет. Себебі мемлекетшілдік, адалдық пен елге деген сүйіспеншілік - нағыз мемлекеттік қызметшінің басты қасиеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», – деп атап өткен болатын. Бұл қағида әрбір мемлекеттік қызметшінің қызмет жолындағы басты ұстанымы болуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – халықтың сенімін ақтап, ел игілігі жолында аянбай еңбек ету, ”– деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сабақтастықтың маңыздылығына тоқталып, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесі мен өмірлік ұстанымдары жас кадрлардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына зор ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызмет ардагерлері Әшім Оразбекұлы, Тілеубек Бабасов, Нәйла Палымбет, Насырбек Мырзабеков, Нажемидин Қалыбаева және Дана Аман Смаханұлы сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі, адалдық пен кәсібиліктің маңызы жөнінде ой бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік және еңбек жолындағы мол тәжірибелерімен бөлісті.

Шиелі ауданының әкімі жиын барысында Керделі ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы саласы жөніндегі бас маманы қызметін абыроймен атқарып келген Жұмагүл Асанқызын құрметті зейнет демалысына шығарып салып, көп жылғы адал еңбегі үшін ауданның жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен марапаттады.

Шиелі мемлекеттік қызметшілермен кездесу 2.jpg

Ауданда мемлекеттік қызметшілердің тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, рухани және шығармашылық жағынан дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта «Рухани өрлеу» шығармашылық орталығы құрылған.

Аталған орталықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің рухани дүниесін байытып, шығармашылық қабілеттерін дамыту, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Кездесу барысында «Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының мүшелері ән мен жырдан шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салды.

Жиында мемлекеттік қызметке талантты әрі білікті жастарды тартуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер де айтылды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант негізінде тәмамдап, оқу үлгерімі GPA 3,33-тен жоғары болған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл бастама өңірлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға және жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға бағытталған. Осы ретте ауданымызда да жас кадрлар мемлекеттік қызмет қатарына қосылып, бүгінгі таңда Гүлжазира Құлахмет пен Асқар Бойрабаев конкурссыз негізде қабылданып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Кездесу соңында аудан әкімі мемлекеттік қызметшілерге адалдық, кәсібилік және халыққа қалтқысыз қызмет ету қағидаттарын берік ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, аға буын мен жас мамандар арасындағы сабақтастықтың мемлекеттік қызмет сапасын арттырудағы рөлі ерекше екенін жеткізді.

Жиын тәжірибе мен тағылымға толы мазмұнды пікір алмасуға ұласып, мемлекеттік қызметтің мерейін асыруға бағытталған игі бастамалардың маңызын айқындады.

Шиелі мемлекеттік қызметшілермен кездесу 3.jpg

Тағы да оқыңыз: