Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шиелі кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесулер барысында тұрғындар кент көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көзбен көріп, көңілдерінен шығып жатқандығын жеткізді. Расында, биылғы жылы Шиелі кентінің ішкі жолдарының айтарлықтай ажары кіріп қалды. Мәселен, бүгінде кенттегі Әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай хан, Бұдабай, С.Сейфуллин, Шәкәрім көшелері күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстардың жобалық құны 1 млрд 560 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан «Қызылорда жолдары» ЖШС жеңімпаз атанды. Бұл жұмыстар келесі жылға өтпелі. Биылға бөлінген қаражат 300 млн теңгені құрайды. Оған қоса 23 шақырымдық 59 көше мен тұйықтарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
24-ші бағыттағы қоғамдық көлік мәселесі шешілуі тиіс
Келесі кезекте кент тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерге көшіп, шешімін таппай келе жатқан 24-ші бағыттағы қоғамдық көлік мәселесіне тоқталды. Нақтырақ айтқанда, бұл бағыттағы қоғамдық көлік мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Дегенмен, көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлер адамдар ағынының аз екендігін сылтауратып, қызмет көрсетуден бастартып отыр.
Осы мәселені шешу үшін, аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен 24-ші қоғамдық көліктің жүру бағыты «әлеуметтік бағыт» деп танылып, облыстық мәслихаттан жеке кәсіпкердің шығындарын өтеуге қажетті қаражат та қарастырылып отыр. Дегенмен, көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлер қызмет көрсетушң құлықсыздық танытып отыр.
Аудан әкімі бұл мәселеге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжоловқа тез арада, нақты шешімін қабылдау керектігін ескертті.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан Шиелі кенті, Құрманғазы-Бала би көшесі аралығының жолын жөндеу жұмыстарын жүргізу, Құтпанұлы, Тоқмағанабетов, И.Панфилов көшелеріне балалар ойын алаңын орнату мәселесі, Әл-Фараби көшесі, көп қабатты тұрғын үй сыртын модернизациялау жұмыстарын жүргізу, Шиелі кентінің теріскейбет аумағына жабық спорт кешенін соғу мәселелері көтерілді.