Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жергілікті билік – халыққа барынша жақын болу керек» деген пәрменін орындаған әкімдік қызметкерлері халық үніне құлақ түруде. Осы орайда Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов кент және ауыл тұрғындарымен кездесіп, есеп беру жұмыстарын жүргізді. Есептік кездесуде біршама тұрғынның мұң-мұқтажы тыңдалып, оң шешімі табылды.
Бейсенбі күні Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Сұлутөбе ауылдық округінің мәдениет үйінде ІV тоқсандағы халықпен кездесу есебін өткізді. Кездесу барысында әкім аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды және алдағы жоспарларды жеткізді. Содан кейін дәстүрге сай сұрақ-жауап кезеңіне өтті. Тұрғыгдар тарапынан ескі мектеп мәселесі, ауылдарды мейлінше абаттандыру, ұры-қарыларға тосқауыл қою, тозығы жеткен трансформаторларды ауыстыру бойынша мәселелер көтерілді.
Сұлутөбе ауылындағы 24 көшенің 12-сі асфальтталған. 7 көшеге жарық жүргізілген. Дегенмен мәселелер де жоқ емес. Сұлутөбе ауылына қарасты Бірінші май ауылына абаттандыру, тал егу жұмыстары жүргізіліп, қоршалса деген ұсыныс та айтылды. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.
Кездесу белгіленген кестеге сай Майлытоғай ауылдық округінде өтті. Ауыл тұрғындары аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тыңдап, алдағы жоспарлардан хабардар болды. Мұнда тұрғындардың отынның ортасында отырғандығы, үйінен шыға қалса сексеуілге соқтығысатыны сөз етілді. Алайда сексеуіл Қызыл кітапқа енгендіктен оны кесуге болмайды. Ал рұқсатсыз кескен немесе сатқан адам айыппұл арқалайды. Отын мәселесін көтерген ауыл тұрғындарына аудан басшысы Нұржан Ахатов «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ мамандарымен келісіп, сынған, қураған сексеуілді пайдалануға рұқсат берілетіндігін жеткізді.
Одан кейін аудан әкімі Нұржан Ахатов Тартоғай мен Тұрсынбай датқа елді мекеннің халқымен кездесті. Халықтың талап тілектерін тыңдады. Нұржан Ахатов аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жоспарлармен бөлісті. Тұрғындар сауалына жауап берді.
Аудан әкімінің жұма күнгі кездесуі Жаңатұрмыс ауылдық округінен басталды. Осы кезге дейін аталған ¬ауылда көшелерге жөндеу жұмыстары, балалар ойын алаңы, жаңа мектеп салу сынды мәселелер тұрғындар тарапынан айтылған болатын. Нәтижесінде ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын А.Қазыбаев пен Т.Нәлібаев көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 21,0 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары қараша айында толық аяқталады. Сонымен қатар ауылда балалар спорт ойын алаңын «Авангард ППС» ЖШС салуда. Көлемі 900 шаршы метрді құрайды. Жаңатұрмыстағы мектептің тозығы жеткен. Себебі ол 1965 жылы салынған. 100 орындық мектепте бүгінгі таңда 226 бала білім алуда. Мектепте спорт зал, асхана, акт зал жоқ. Соған байланысты елді мекеннен 250 орындық №207 мектептің құрылысына 762 млн теңге қаржы қаралды. Осы жылы оның 180 млн теңгесі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар ауылдағы медициналық пунктке дәрігер бөлу штаты шешіліп, арнайы білікті санаттағы дәрігер жұмыс істеуде.
Ал бүгінгі күні мұндағы негізгі мәселе – жер. Аудан басшысы жер заңнамасы аясында бұл мәселе шешіліп, Президент тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан жерді ауыл тұрғындарының пайдалануына беру үшін мемлекет меншігіне алынатынын жеткізді.
«Ауыл шаруашылығы жерлердің басымдығы негізге алынып, жыл басынан бері 15 тұрғыннан жалпы көлемі 7 520 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауданда Еңбекші, Жаңатұрмыс, Ақтоған ауылдық округтерінде егістік және жайылымдық жер мәселелері бар. Туындаған мәселелерге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда Еңбекші ауылдық округіндегі орналасқан көлемі 500 гектар жайылымдық жер учаскесі жыл соңына дейін елді мекеннің жайылымына қайтарылатын болады», – деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің ауыл халқымен кезекті кездесуі Ы.Жақаев ауылында жалғасты. Алмалы, Еңбекші, Ә.Тәжібаев, Ақмая, Ы.Жақаев, Бала би, Байсын ауылдарында және Шиелі кентіндегі барлығы 36,2 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 629,6 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ауыл тұрғындары әлгі есептік кездесуде ыза суды кетіру үшін Жансейт елді мекенінің жанынан өтетін қашыртқыны қазу мәселесін көтерген болатын. Тиісінше бұл мәселе «Қазсушар» шаруашылық жүргізу кәсіпорнының қарауына ұсынылған. Соттың шешімі нақты теңгерімге алынған. Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарамасына өткізіліп, тиісті құжаттарды рәсімдеу жыл соңына дейін сұралмақ. Сонымен қатар ауылдағы тозығы жеткен трансформатор мәселесі де оң шешімін тапқан. Яғни, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 3,5 млн теңге жаңа трансформатор сатып алу конкурсынан жеңімпаз атанып, қараша айында орнату жоспарланып отыр.
Жалпы құны 498,5 млн теңгені құрайтын Бидайкөл және Әбділдә Тәжібаев елді мекендеріне кіре-беріс көпірлерінің құрылыс-жұмыстары жүргізілуде. Көп ұзамай ел игілігіне берілмек. Аудан әкімі Нұржан Ахатов Бидайкөл ауылының тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Бәйтерек ауылдық округіндегі М.Шоқай көшесіне 300 метр жаяу жүргіншілер жолын орнату мәселесі қаралып жатыр. Нақтырақ айтқанда, аудандық экономикалық, бюджеттік жоспарлау бөліміне 5,5 млн теңгеге жоба сметалық құжаттары өткізілген. Л-1 каналына темір бұғат орнату мәселесі шешілмек. Сондай-ақ, Бидайкөл мен Бала би ауылының көшелерін жарықтандыру, жолдарын жөндеу келесі жылдан бастап қолға алынады.
Ал тұрғындар тарапынан ауылға 4 трансформатор керек екендігі айтылды. Мұнымен қоса Бидайкөл ауылының тұрғыны М.Салқынбаев Бірлік көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар Р.Айымбетов ауылдағы Нұрсейітов пен Абай көшесіне жол жүргізу керектігін сөз етті. Кездесу соңында аудан әкімі Нұржан Ахатов әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынына уәде берді.
Аудан әкімінің келесі кездесуі Қарғалы ауылында өтті. Елді мекен тұрғындары аяқ су жеткізетін «Қорасан 1» мекемесі Күркіреуік каналының ескі арнасын бітеу керек екендігін айтқан еді. Қазіргі таңда 1 450 метрге қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ауылды әлеуметтік азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында жеңілдетілген бағамен 20 қап ұн ауыл халқына ұсынылды. Алдағы уақытта өзге де азық-түлік өнімдерін жеткізу бағытында кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар 2023 жылы жаңа амбулатория бой көтермек. Ал кешегі кездесуде қарғалылықтар 6 көшеге жол салуды сұрады.



