Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Ауған соғысы және Семей ядролық сынақ полигоны зардабын жоюға қатысушы ардагерлермен кездесті.
Кездесу барысында Нұржан Сәбитұлы Ауған соғысының ардагерлерін Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуымен құттықтады.
Мұнан соң, жиынға қатысушы ардагерлер көкейде жүрген мәселелерін айтып, ардагерлерді қолдау бағытында іске асыру қажет деп санайтын бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтар болсақ, ардагерлер Ауған соғысы және Семей ядролық полигоны зардабын жоюға қатысушы ардагерлерге медициналық мекемелерде кезексіз қызмет көрсетілсе, өзге өңірлердегідей бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалса, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама берілсе деген ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі әлеуметтік көмектердің әрбір аймақтың қаржылық мүмкіндіктеріне қарай тағайындалатынын, ардагерлер тарапынан жазбаша түрде ұсыныс берілсе, қарастыруға мүмкіндік туатынын жеткізді.
«Ал, сауықтыру орындарына жолдама беру мәселесі кәсіпорындардың демеушілігімен іске асыруды қарастырамыз», – деді аудан әкімі.
Тарих жылнамасынан халық жадында қалған соғыстың бірі – Ауған соғысы. Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмады. Цифрлы деректерге салсақ, Ауған жерінде сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметін өтеді. 15 526 адам, соның ішінде 925 қазақстандық алған жарақаттарымен ауруының салдарынан қайтыс болды деген деректер бар.