Kyzylorda-news.kz Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың өндірістік қызметін зерделеу және проблемалық мәселелерін анықтау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлұлы Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың жұмысы және ауданда жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобалардың барысы қаралды.
Атап айтқанда, жұмыс сапары аясында «КНК Кемикал» ЖШС кәсіпорнының қызметімен таныстырылды. Кәсіпорын жылына 1,6 млн погон метр пластмассалық құбыр өндіруге қауқарлы. Мұнда ауыз су жүйелеріне және газ саласына арналған полиэтилен құбырларының бірнеше түрі шығарылады. Қазіргі таңда кәсіпорында 96 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, құны 4 млрд теңгені құрайтын «VIGOR Holding» ЖШС-ның қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы жобасымен танысты. Жоба іске қосылғаннан кейін 5 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау аясында 30 гектар жер телімі берілді.
Ауданның ірі өндірістік жобаларының бірі – «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС. Құны 64 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіруге мүмкіндігі бар.
Бұдан бөлек, «KazChinNur» ЖШС-нің минералды ұнтақ өндіру зауыты, «KUTAU SP» ЖШС-ның қиыршық тас өндіру жобасы және «Табиғи тас Қызылорда» ЖШС-нің жоғары сортты әк пен қиыршық тас өндіру зауытының жобаларының іске асырылу барысы зерделенді.
Сондай-ақ «Фирма Балауса» ЖШС-нің Бала-Сауысқанды кен орнында ванадий кендерін өңдейтін тау-кен-металлургия кешенін іске асыру жобасы таныстырылды. Жобаның құны 63,7 млрд теңге. Өндірілетін аммоний метаванадатын Ресей, Ұлыбритания және Австрия нарықтарына экспорттау көзделген.
Жұмыс сапары қорытындысымен инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу, кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру және кәсіпкерлер көтерген мәселелерді жедел шешу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

