Kyzylorda-news.kz. Бүгін Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты арнайы актив отырысы өтті.
Актив отырысында ішкі конкурс тәртібімен аудан әкімінің 2022 жылғы 18 қазандағы №116 өкіміне сәйкес Шиелі ауданы әкімінің әлеуметтік саласы жөніндегі орынбасары лауазымына Ысмағұлов Болатбек Әбдулхайысұлы тағайындалды.
Сондай-ақ, жиында сайлау қорытындысымен Талаптан ауылдық округі әкімі болып сайланған Тәжиев Хайдар Абдуллаханұлы таныстырылды.
Мұнан бөлек алдағы қараша айында Президент сайлауы белгіленуіне байланысты, сайлау науқанына дайындық жұмыстарын жүргізу мен тұрғындарға сайлау алды бағдарламаны насихаттау үшін құрылған аудандық қоғамдық штаб төрағасы болып Мырзабеков Насырбек Аябекұлы бекітілді.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Өркен Исмаил сөз сөйлеп, жаңадан қызметке тағайындалған азаматтарға сәттілік тіледі. Ал аудан басшысы жаңа қызметке кіріскен азаматтарға сәттілік тілеп, мемлекет мүддесіне қызмет етудің асқан жауапкершілік екенін еске салды.
«Әрбір азамат туған еліне адал еңбек етіп, перзенттік борышын өтеуді парыз санайды. Бұл ретте сіздердің жауапты қызметтің тізгінін ұстап, ел игілігі үшін қызмет ететіндіктеріңізге сенемін. Алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыстар жеткілікті. Сіздерді жаңа қызметтеріңізбен құттықтай отырып, алдағы атқарар жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз», – деді Нұржан Сәбитұлы.

