Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Шиелінің ажары кіріп, инфрақұрылымы күн өткен сайын жақсарып келеді. Әсіресе, кент көшелерінің жылдар бойы жөндеу көрмеген шұрық-тесік жолдары асфальтталып, көше шамдары түнде самаладай жарқырап тұрады. Елде мекендерге су, газ тартылып, балалардың заманауи ойын алаңқайлары мен футбол алаңдары да жаңарған.
Шиелі ауданында орын алып жатқан оң өзгерістерді жергілікті тұрғындар да қуанышпен құптап, жыр қылып айтуда. Мәселен, Аманкелді Иманов көшесінің тұрғыны Данияр Аяпов жетпістің желкеніне жетіп отырған, құрылыс саласында өнімді еңбек еткен зейнеткер. Оның осы көшеде тұрып жатқанына да 70 жылға жуықтапты. Кешегі тоқсаныншы жылдардың қиын шақтарында аудан мүшкіл халін де көзімен көрген. Экономиканың түзеліп, өмірдің сәт санап жақсарған шақтары да көз алдындағы тарих.
Ойын алаңдары да салынып жатыр
– Күн санап демесем де, жыл сайын ескісі жаңарып, күрмеуі қиын мәселелері шешіліп келе жатқан ауданымыздың жағдайын барлығы жақсы біледі. Осындай игілікті шаралар біздің Аманкелді көшесінде де орын алса екен деген тілегім мен ұсынысымды аудандық әкімдікке айтып жүрдім. Міне, сол сәт те келіп жетті. Өзге көшелер секілді біз тұрып жатқан көшеге де асфальт та жайылды. Осыдан бірнеше уақыт бұрын көктем мен күз айларында тобықтан асатын лай батпақты кешіп жүріп үйіне әрең жететін көршілеріміз қуанып қалды. Балаларымыз бен немерелеріміз футбол алаңдарында доп теуіп, ойын алаңдарында ойнау үшін алыс көшелерді кезіп кететін. Үйлеріндегі ата-ана, ата-апалары балалары мен немерелері үйге жеткенше алаңдаулы болатын. Бүгінде бұл уайымымыз да сейілді. Көшемізден балалар ойын және футбол алаңы салынды. Аллаға сансыз шүкірлер айта отырып, осы бір игілікті іске демеу болған аудан әкімі бастаған қызметкерлерге, барлық еңбеккерлерге алғысымды білдіргім келеді, – дейді Данияр Мадиярұлы.
49 көше орташа жөндеуден өтуде
Жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, түйіткілді мәселелер шешімін табуда. Екі жүзден астам көшесі бар кенттегі жолдардың сапасын арттыруға жыл сайын миллиондаған қаржы қаралады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 80 км республикалық, 98 км облыстық, 145,4 км аудандық барлығы 323,4 км автомобиль жолы бар.
Аудандық маңыздағы 145,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының бүгінгі күнге 103,4 шақырымы, яғни 71,1 проценті қанағаттанарлық жағдайда болса, республикалық және облыстық маңыздағы автомобиль жолдары 100 процент асфальтталған.
Шиелі кенті және елді мекендердегі көшелердің саны – 401. Ұзындығы – 395,38 км құрайды. Оның – 198,69 км асфальт, 145,69 км қиыршықтасты, 51 км топырақты.
Облыстық бюджеттен Шиелі кентіндегі жалпы ұзындығы 19,8 шақырым болатын 49 көшесін орташа жөндеуге 563,9 млн теңге бөлінді. Бүгінде жұмыстар қызу жүргізілуде. Аудан әкімі Нұржан Ахатов бұл жұмыстарды өзінің ерекше бақылауына алды. Осылайша, бұған дейін көпшіліктің орынды ренішін туындатып келген мәселе ретке келтірілуде. Таяуда тұрғындар 49 көшенің
Ә.Тәжібаев ауылына кіре беріс орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 305,3 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары сәтті аяқталды. Осы шілде айында ауыл тұрғындары игілігін көрмек.
Жарық та орнатылған
Шиелінің өзіне тән қоңыр тіршілігі бар. Жыл санап өсіп-өркендеп келеді. Бүгінде кентте мөлтек аудандармен қосқанда 205 көше бар. Оларға орнатылған жарық шамдары 3500 дананы құрайды. Айта кету керек, кентке түнгі жарық бағаналарын орнатуға 59 млн 426 мың теңге, ал ауылдық округтерге трансформаторлар алуға 59 млн 400 мың теңге қаржы бөлінген.
– Кенттің 70 проценті толық көше шамдарымен қамтамасыз етілген. Бүгінде шамның түр-түрі шығып, соған сәйкес ұсыныстар көбейді. Қала берді тұрғындар тарапынан жарық жүргізілмеген көшелер кезең-кезеңімен жарықтандырылатын болады. Сапалы шамдардың қолдану мерзімі ұзақ әрі жарық беру көрсеткіші жоғары және бес жылға дейін жарамдылығына кепілдік беріледі, – деді кент әкімі Амангелді Өмірәлі.
– Кәрімбаев көшесі, 31/1 үйдің тұрғынымын. Зейнеткермін. 3 бала тәрбиелеп өсірдім. Қазір Құдайға шүкір, немерелерімнің қызығын қызықтап отырған жайым бар. Кейінге шегініс жасар болсам, келген кезімізде жол нашар, кедір-бұдыр, жарығы да болмады. Шаң-топырақ ұшып, көктем мен күзде батпақ болып жататын еді. Енді міне, мемлекет қамқорлығының арқасында жолымыз жөндеу көріп, едәуір жақсарып қалды. Көшеміз де жап-жарық. Біз сияқты зейнет жасындағы адамдардың жүріп-тұруларына, кешкілік таза ауамен серуендеуіне де жақсы. Әкімшілікке, аудан басшысына рақмет. Еңбектері жансын, ел аман болсын, тек жақсылық болсын! – кент тұрғыны Қ.Мәді.
Міне, бүгінгі шежірелі Шиелі ауданының ажары осындай. Тұрғындардың қуанышты лебіздерін өздеріңізге жеткіздік. Әрине, оң өзгерістер осымен тоқталып қалмасы анық. Тоғыз жолдың торабында жатқан ауданның келешегі кемел боларына сеніміміз мол.
