Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілісте «Жаңа оқу жылына дайындық» мәселесі қаралды. Мәжіліс барысында аудан әкімі мектептердегі жөндеу және абаттандыру жұмыстарының оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Мектептерде барлық жағдай оқу жылы басталғанға дейін толық дайын болуы керек. Оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Мектептерге іргелес аумақтардағы жол қозғалысының қауіпсіздігіне, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайына, жол белгілерінің орнатылуына ерекше көңіл бөлу қажет», – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ оқушыларды оқулықтармен және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету, мектеп асханаларының дайындығын пысықтау, санитариялық талаптардың сақталуы мен тамақ сапасын бақылау мәселелеріне баса мән беру қажеттігі айтылды.

Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға тиісті жағдай жасап, олардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастауын қамтамасыз ету маңызды екені атап өтілді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Насибеков жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті.
Мәжіліс барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Меңлібеков, Шиелі кенті әкімі аппаратының бас маманы Олжас Төлеген және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шарапат Төлебай ауданның дамуына қосқан еңбегі үшін марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына ауданымыздан үш азамат қабылданған болатын.
Сондай-ақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шарапат Төлебай Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы лауазымына тағайындалды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі тиісті сала басшыларына жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтауды, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, оқушыларға қолайлы жағдай жасауды және анықталған кемшіліктерді жедел түрде жоюды тапсырды.

