Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен Шиелі ауданында ақпан айының 27-нен бастап көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан орталығындағы «Шымкент-Самара» трассасының бойында шаруа қожалықтардың демеушілігімен 3,6 гектар жерге 3700-ден аса көшет егіліп, 6,4 шақырым аумақ қоршауланды. Одан бөлек, кенттегі И.Әбдікәрімов, Яссауи көшелерінің және технологиялық жолдың бойына ірі өндіріс орындарының, мекемелер мен жеке тұрғындардың жұмылдырылуымен 7,1 гектар жерге 9450-ден аса көшет отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстарына 12 техника тартылып, 13 шақырым аумақ қораланды.
Мамандардың айтуынша, ауданда биылғы меже 24 000 түп көшет егу болса, елді мекендерді қоса алғанда жалпы аудан бойынша 40 000 үстінде тал егу жұмыстары жоспарланған. Аталған аумақтарға арықпен келетін аяқ судан бөлек, арнайы 4 ұңғыма қазылып жатыр. Егілген көшеттердің шығымдылығына жыл көлемінде күтіп баптау шаралары жүргізілетін болады.
Айта кетейік, ақпан айында аймақ басшысының төрағалығымен Қызылорда қаласының сәулеттік келбетін көркейту жөніндегі мәжіліс өткен болатын. Мәжілісте қазақстандық урбанистер қауымдастығының төрағасы Ерлан Аукенов және «ENVICON» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роман Шнайдерман облыс орталығының қоғамдық кеңістіктерін тиімді пайдалану бойынша әзірлеген ұсыныстарын таныстырған еді.


