maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде «19 қазан – Құтқарушылар күніне» орай мерекелік кеш болып өтті.

Айтулы шараға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, сала ардагерлері, жігерлі жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік кеш өз өміріне төнген қауіпке қарамастан қызметтік міндеттерін орындаған, орын алған төтенше жағдай жою кезінде қаза болған полковник Төреманов Қазбек Сұлтанбекұлы, ішкі қызмет сержанты Төлеубаев Арман Қуанышбайұлы, Әшірбеков Арғын Қазбекұлы секілді елінің батыр ұлдарын еске алу үшін, 1 минуттық үнсіздікпен басталды.

Мұнан соң алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары:

«Халық тыныштығын сақтап, қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет жолында үлгі болып жүрген Сіздер мен біздер үшін бүгін ерекше күн! Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде «19 қазан – Құтқарушылар күні» болып белгіленді. Сол сәттен бері 27 жыл уақыт өтіпті. Өткен уақыт аралығында елімізде мемлекетіміздің аумағындағы, сондай-ақ одан шеткері жатқан жерлердегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті, жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйесі қалыптасты. Осындай қызығынан қиындығы басым мамандықтың бел ортасында жүріп, кез келгеннің қолынан келмейтін көзсіз батыл қадамдарға барып жүрсіздер. Оған ең әуелі үлкен жүрек, білім мен біліктілік, төзім мен тәжірибе керек. Ендеше, осынау айтулы күнде қиын да күрделі қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов.

Құттықтау сөзден кейін Ерсұлтан Амантайұлы бірқатар азаматтарды «Азаматтық қорғау органдарындағы мінсіз қызметі үшін» II және III дәрежелі медалімен, сондай-ақ Шиелі ауданы әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

Мұнан бөлек шара барысында өртке қарсы қызмет саласында аянбай еңбек еткен, бүгінгі таңда бейнеттің зейнетіне шыққан Мырзахметов Сапарғали Әбдуалиұлына шапан жабылды.

Кеш соңында Шиелі ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолмырзаев Марат Шәкенұлы және Шиелі ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Мампаев Жандос Айдарбекұлы құттықтау сөзін айтып, мәдениет үйіне және аудан әкімдігіне өз ризашылығын білдірді.

Шиели1.jpg

Тағы да оқыңыз: