Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Оған Үкімет тарапынан халықтың экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында «Нәтижелі жұмыс пен қамту және жасппай кәспкерлікті дамыту», «Бастау Бизнес» сияқты мемлекеттік бағдарламалар үлкен шарапатын тигізуде. Жұмыссыз жастар, кәсіп бастауға ниетті жандар мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, сан түрлі кәсіпті іске асыруда. Тіпті төрт түліктің санын көбейтіп, отандық өнімдердің қатарын толықтыруды көздеп отырғандар да бар. 

Бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз Зеңгі баба тұқымын көбейтуді көздеп отыр. Мүйізді ірі қара қай кезде де қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді, еті азық болды. Мал басын көбейтуге ниет білдірген  кент тұрғыны Ақнұр Мамайқызы аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында білім алып, тиісті сертификатты иемденеді. Бұл – тұрақты табысы болмаған бұрынғы жұмыссыз жанның кәсіп бастауына мол мүмкіндік туғызды. Ал 583400 теңге көлемінде грант ұтып алуы, өзінің бизнес жоспарында көрсеткен мал шаруашылығы кәсібін бастауына септігін тигізді.

«Қазақтың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. «Алма піс аузыма түс» деген заман емес. Ерінбеген адамға жұмыс қашан да табылады. Кәсіппен айналысамын деушілерге арналған түрлі бағдарламалар бар. Мемлекеттен шағын несие де беріледі. Қазір осы мал арқылы күнкөрісімізді айырып отырмыз. Алдағы уақытта ірі қара санын арттырып, кәсібімді кеңейту жолылында барымды салып жұмыс жасай бермекпін. Кейбір жастардың «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырғанына таң қаламын. Мал шаруашылығы ертеден келе жатқан ата кәсібіміз, ешкімді аштан өлтірмейді», – дейді ол.

Төрт түлікті өсіру оңай шаруа емес, маңдай терді талап ететін адал кәсіп. Оның жем-шөбінің дайындаудың өзі үлкен мәселе. Кейіпкеріміз болашақта кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосуды басты міндеті деп есептейтін Ақнұр еңбектің ешкімге тәуелді етпейтінін жақсы түсінеді.

Тағы да оқыңыз: