Kyzylorda-news.kz. Сәуір айында Шиелі ауданындағы спорт саласында бірқатар қуанышты жаңалықтар орын алуда. Сол жаңалықтардың бірі ретінде Шиелі кентінде ашылған "Барыс" спорт кешенінің ашылуын айтуға болады.
Жеке кәсіпкер Жанболат Серікболсынұлының демеушілігімен ашылған спорт кешенінде 320-дан астам бала спорттың 6 түрінен тәлім алуда. Атап айтарлығы үйірмелердің барлығы балалар үшін толықтай тегін қызмет етеді.
"Игі істің басына – жақсы келер қасына" демекші, спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы да арнайы қатысып, жеке кәсіпкер Жанболат Серікболсынұлына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, спорт кешенінде тәлім алатын жас жеткіншектер болашақта әлем чемпиондары атансын деген ақжарма тілегін білдірді.
Мұнан соң, аудан басшысы Жанболат Серікболсынұлының әкесі Серікболсын Жұртшыбайұлын еске алуға арналған қазақша күрестен жасөспірімдер арасындағы турнирдің финалдық кездесулерін тамашалап, жеңімпаздарға арнайы жүлделер табыстады.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Жолдауынан туындайтын міндеттер қатарында халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру міндеті қойылғаны белгілі. Осы орайда Шиелі ауданындағы ашылған спорт кешені халықты бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасайтыны сөзсіз.


