Kyzylorda-news.kz. Күнделікті өмірде «Қарусыз майдан» деген сөз тіркесін жиі қолданамыз. Бұл тіркесті тәптіштеп түсіндірудің қажеті де шамалы. Орнымен қолдана білген жанға ең басты қару – тіл екендігіне ешкімнің дауы бола қоймас. Бірақ қару сөзін естігенде көз алдымызға пышақ, бәкі секілді суық қару түрлерінен бастап тапанша, қолдан жасалған обрез, мылтық, автомат сынды от қарулары елестейтіні анық.
Білесіз, елімізде мұндай қарулардың қай-қайсысын болмасын рұқсатсыз ұстап, қалай болса солай қалаған жеріңде пайдалануға заң жүзінде қатаң тыйым салынған. Керек десеңіз, сотталасыз да. Алайда, заңға бас иіп, құлақ асып жатқандар қатары азаяр емес. Кешегі келмеске кеткен 90-шы жылдарғы криминалдық топтардың тапа тал түсте кез келген базарлар мен қала көшелеріндегі атыс-шабысын айтпағанда, қазірдің өзінде заңсыз қару асынып, дәулетіне тасынып жүргендер арамызда бар. Оған аудандық полиция бөлімі берген суыт хабарлар дәлел бола алады.
– Жыл басынан азаматтардан заңсыз сақталған барлығы 24 қару-жарақтар тәркіленді. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында республика бойынша соңғы он жыл көлемінде ІІМ бастамасымен азаматтар арасында «Өз еркімен қару өткізу» акциясы жүргізіліп келе жатыр. Акция ережесінде көрсетілгендей, өз еркімен қару өткізушіге өткізген қаруының маркасына, қай елде және қашан шыққанына, пайдалануға жарамды-жарамсыздығына және басқа да ерекшеліктеріне қарай белгілі бір мөлшерде өтемақы төленеді, – дейді аудан сақшылары.
Айта кетейік, аталған акция барысында өткен жылы облыста 116 қару-жарақ қабылданып, заңсыз айналымнан шығарылды.
