Kyzylorda-news.kz. Оңай ақша дегенде адамның көзі – соқыр, құлағы – керең. Себебі қаржыдан қиналып, қайда барарыңды білмей, екі көзің алақтап отырғанда, алдыңнан алаяқ шыққанда, «құтқарушыңды» кездестіргендей күйге енесің. Себебі биыл ауданда алаяқтық қылмыстардың 23 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 76,9 процентке өскен. Аудандық полиция қызметкерлері алдын алу жұмыстарын қанша жүргізгенімен, «алдандым» дегендер саны күн сайын артуда. Бұл мәселе бүгінде жалғыз Шиелінің емес, бүтін республиканың бас ауруына айналды.

Қазір қалтаұрыларынан гөрі, интернеттегі жымысқылардың тірлігі жаға ұстатады. Әрине, заман талабына сай жұрттың көбі ақшасын әмиянда емес, банк карточкасында ұстағанды қолайлы көреді. Бәлкім, себеп осыдан да болар, әйтеуір, жәбірленушілер түрлі тәсілмен интернет арқылы қаражатынан қағылып жатады. Мәселен, аудандағы алаяқтықтың 34,8 процентін яғни, 8 дерегін  интернет алаяқтық қылмыстары құрап отыр.

– Ұялы байланыс телефонның көмегімен жасалатын интернет алаяқтық бүгінгі күннің өзекті мәселесі десем артық айтқаным емес. Екі күннің бірінде осындай алаяқтарға алданған азаматтар аудандық полиция бөлімінің есігін тоздыруда. Ақша қаражаттан қиналған азаматтарға телефон шалып: «Сіздің банктегі есепшотыңызға біреулер шабуыл жасауда, блок қою қажет» деп сеніміне кіріп, өздерінің алдын ала жоспарлап қойған «схемалары» арқылы барлық қажетті операцияларды кәдеге асырады. Сол азаматтардың атынан бірнеше банк бөлімшелерінен ірі мөлшерде онлайн несиелер рәсімдеп, алдап кету жағдайы күннен күнге толастар емес, – дейді Шиелі аудандық полиция басқармасының бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Қ.Өсербайұлы.

Жалпы интернет жеңіл ақша табудың көзіне айналып тұр. Әрине, интернет арқылы ақша табу үшін көп тер төгіп жұмыс істеу қажет. Ең бастысы, білім мен кәсіби біліктілік керек. Ал білім мен біліктіліктің еш қажеті жоқ, «жай ғана ақша саласыз, содан соң байып шыға келесіз» дейтіндердің көпшілігі «100 пайыз алаяқтар». Ондайлардан жүз шақырым аулақ жүргеніңіз дұрыс. Әйтпесе, оп-оңай ақшаңыздан айырылып, сан соғып қаласыз.

Сөзімізге «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген орыстың осы мақалы бірден-бір дәлел. Таңғаларлығы сол, әлеуметтік желідегі алаяқтар өте шебер және түрлі әдістерді ойлап табады. Бір қарағанда олардың сөзінен өтірік таппайсыз. Бәрін мөлдіретіп айтқандарына еріксіз сендіреді. Істің мәнін білетін тәжірибелі адам болмаса, оп-оңай алданып қалуы әбден мүмкін. Бұл сөзімізді полиция майоры Қ.Өсербайұлы да растап отыр.

– Алаяқтық қылмыстардың алдын алуға полиция қызметкерлерімен біршама жұмыстар атқаруда. Десек те, аталған қылмыс түрінің азаймай отырғаны біздерді ерекше алаңдатуда. Өйткені интернет алаяқтықтың түрлері күн сайын жаңарып барады. Осыған байланысты әрбір тұрғынды ұялы байланыс және басқа да тәсілдер арқылы жасалатын алаяқтардың арбауынан барынша сақ болуға шақырамын, – дейді.

Тағы да оқыңыз: