Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы бойынша 40 сайлау учаскесіне, 48 402 сайлаушы тіркелген.
Таңертеңмен ерте басталған саяси науқанға шиелілік тұрғындар белсене қатысты. Аудан орталығы мен ауданға қарасты барлық ауылдық округтердіге сайлау учаскелерінде дауыс берген алғашқы сайлаушылар марапатталды.
Ауданға қарасты Ақтоған ауылдық округінде Сейтжановтар әулетінің 8 келіні сайлауға бірге барып, дауыс берді. Ел болашағы үшін маңызды күнде бірліктің үлгісін көрсеткен әулеттің келіндері кезектен тыс Президент сайлауында таңдау жасады. Саяси науқанда ерекше белсенділік танытқан әулетке сыйлық табысталды.
Аудандағы Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжанов та өз таңдауын жасады. Қазыналы қарт үйден дауыс берді. Ардагердің тұрғылықты мекен-жайына комиссия мүшелері арнайы барып, ардагердің дауыс беруіне қолайлы жағдай жасады. Дауыс беріп, таңдау жасаған соғыс ардагері өз пікірін білдірді.
«Ең бастысы тыныш заман болса, бейбітшілік пен тұрақтылығымыз арта берсін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын», - деді соғыстың соңғы сардары Сәрсенбек Байжанов.
Саяси науқанда Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов та өз таңдауын жасап, дауыс берді. Аудан әкімі Шиелі кентінде орналасқан №285 учаскесіне барды.
«Тәуелсіз еліміз үшін ерекше саяси маңызға ие науқанды ұйымшылдықпен атқаруымыз керек. Сондықтан бұл Президент сайлауында әрбір аудан азаматының дауыс беруі маңызды», – деді аудан әкімі.
«Жиделіарық» ауылдық клубында орналасқан №299 сайлау үйінде жас жұбайлар дауыс берді. Жастар Нұрқанат Сүлейменов пен Ақниет Қосымова Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы күні отбасын құрып отыр. Олар елмен бірге кезекке тұрып, өз дауыстарын берді. Жас жұбайларды құттықтап, тілегін білдірген сайлау комиссиясы оларға сыйлық тарту етті.
Сонымен қатар ауданда тұрғындардың сайлауда кедергісіз дауыс беруі үшін инватакси қызметі ұсынылды. Атап айтар болсақ, кент тұрғыны Дархан Маратұлы «Инватакси» қызметін пайдаланып, өз сайлау учаскесіне кедергісіз баруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Шиелі ауданаралық ауруханасында емделушілерге арнап портативті сайлау жәшіктері қойылды. Дәлірек айтқанда, ауданаралық аруханадағы жүріп-тұруы шектелген азаматтар, травматологиялық жарақат алған науқастар мен перзентханадағы жаңа босанған және жүкті әйелдер дауыс беріп, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды.
Саяси науқанда ең жас дауыс беруші, туған күн иелерді де болды. Жиделіарық ауылдық округі бойынша учаскелік сайлау комиссиясы сайлаудың ең жас дауыс берушісі ретінде Төремұрат Нысанбеков пен Уәлихан Есенов танылды. Сонымен қатар Жиделіарық ауылдық округі бойынша сайлау учаскесінде сайлау күні 50 жасқа толған Сарыбаев Ертуған Нысанбекұлы өз таңдауын жасады.
Жеке мерекесі ҚР Президентінің сайлауымен қатар келген Ертуған Сарыбаев – №299 Сайлау учаскесінде дауыс беруге құқығы бар азаматтардың арасында туған күн иесі болып табылатын жалғыз адам. Ертуған Сарыбаев туған күнін елеп, арнайы сыйлық тарту еткен комиссияға шексіз ризашылығын білдірді.
Аталған ауылдық округте қазыналы қариялар немерелерімен бірге келіп, елімізде өткен саяси науқанға өз үлестерін қосты. Мәселен, сайлауға немерелерін ерте келген Аюповтар әулетінің азаматтары ҚР Президентінің сайлауында дауыс беріп, маңызды істен қапы қалмаған жөн деп есептейді.
Сондай-ақ барлық ауылда жылжымалы жәшіктер үйден дауыс берушілердің кедергісіз өз таңдауын жасауы үшін үй-жайларына жеткізілді.
Айта кетейік, сайлау күні Шиелі ауданы бойынша бір ұл, бір қыз дүниеге келді.




