Kyzylorda-news.kz. Сыр елінде Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында «Балалар жылына» тарту ретінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қала, ауданда демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын бір мезетте 80 спорт ойын алаңдары ел игілігіне берілді.
Оның ішінде Шиелі ауданында 3 спорттық ойын алаңының тұсауы кесілді. Атап айтқанда, Республика күніне орай Шиелі кенті, Көкшоқы мөлтек ауданында, Бидайкөл, Тартоғай елді мекендерінде спорттық ойын алаңдары ел игілігіне берілді.
Сондай-ақ, 1 қарашаға дейін Байсын елді мекені мен Шиелі кентіндегі М.Қаратаев, А.Иманов көшелеріндегі спорттық ойын алаңдарының құрылысы толықтай аяқталады. Аталған спорттық ойын алаңдары футбол алаңқайлары мен балалар ойын алаңы және жаттығу алаңдарынан тұрады.
Спорттық ойын алаңдарының тұсауын кескен аудан әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, былай деді:
«Спорттық ойын алаңдарының «Балалар жылы» аясында, сондай-ақ Президенттің Жарлығымен араға 13 жыл салып халықпен қайта қауышқан Республика күнінде пайдалануға берілуінде де үлкен мән жатыр. Қос қуанышты біріктіру арқылы біз Бұл тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек айтулы күннің мән-маңызын еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, Тәуелсіз Қазақстанның болашаға саналатын бүлдіршіндердің санасына сіңіруді мақсат етіп отырмыз», – деді аудан әкімі.
Ерекше атап өтер жай, биылғы жылы туған жерге жанашыр меценаттар аймақтың гүлденуі мен дамуы үшін іске асырылатын жобаларға ат салысуға, қолдау білдіруге ерекше ықылас танытып отыр. Соның арқасында соңғы 5-6 айдың ішінде аймақта жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд.теңге шамасында қолдау көрсетіп, ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды.
Мәселен, Иіркөл кенішінің филиал директоры Мұхамеджан Бекмырзаұлы Салқынбаев туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің озық үлгісін танытып, өзі туып-өскен Бәйтерек ауылдық округіне заман талабына сай атшабар алаңын ашып берді.
Мұнан бөлек, облыс әкімінің іскерлігінің арқасында аймақта түрік компанияларымен бірлескен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Тағы бір түрік компаниясымен жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Сондай-ақ, Сыр елінде құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Неке сарайы, 1000 орындық Өнер орталығы, Сол жағалаудың бойынан 2,7 млрд. теңгеге Қан орталығының құрылысы жүруде. Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түсеріне сенім мол. Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд. теңге болатын "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалы салынады.
Айта кетейік, Шиелі ауданында пайдалануға беріліп жатқан 6 спорттық ойын алаңының барлығы да аудан кәсіпкерлері мен шаруашылықтарының және де ауыл жастарының демеушілігімен салынуда.



