Kyzylorda-news.kz. Қазір екінің бірі орыс тілінде «охотник». Жасыруға келмес, жүгірген аң, ұшқан құс жердегі адамдардың нысанасынан қашып құтылмайтын болды. Неше түрлі жол талғамайтын техника мен алысты жақындататын қару-жарақтарды қолдану арқылы біраз аң мен құсты «Қызыл кітапқа» қосып қойдық. Иә, аңшылық – қазақта бар кәсіп. Ал саятшылық – өнер. Әрине, таза ауа, өзен-көлдің жағасында ит қосып, қиқу салуға әркім құмар-ақ. Бірақ…
Аңның да сұрауы бар емес пе?! Сондықтан аң аулаудың жалпы ережесін есте ұстаған игі. Өйткені елсіз даладағы жыбырлағанның бәрін «менікі» деп ата беруге болмайды қазір. Егер олай заңсыз әрекетке бой алдырсаңыз, ірі көлемде айыппұл арқалап, тіпті бас бостандығыңыздан айырылып қалуыңыз бек мүмкін. Мұны бәрі біледі. Қай нәрсенің де құрығы ұзарған заманда «ақырын жүріп, анық басқан» жөн.
Заң қанша қатаң болғанымен оған құлақ асып жатқандар жоқ сыңайлы. Өзге өңірлерді айтпағанда, Шиелі ауданының өзінде заңсыз аң аулау фактісі тыйылмай тұр. Аудан сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері барлық сала бойынша ауданда 6195 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның 2111-не жалпы сомасы 30 млн 833 мың 447 теңге айыппұлдар салынған. 23 млн 962 мың 867 теңгесі өндірілген. Жалпы өндіру көрсеткіші 77,7 процентті құрап отыр.
– Жыл басынан аң аулау ережесін бұзудың 28 дерегі анықталды. Заңсыз аң аулауға байланысты 2 қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты жасалған талдаулар көрсеткендей, жалпы ауданымыздың криминогендік ахуалына 4 мәселе ерекше әсер етіп отыр. Атап айтатын болсақ, бірінші – мал ұрлығы, екінші – алаяқтық қылмыстары, үшінші – 21-ші ғасырдың қауіпті індетіне айналып отырған есірткі қылмыстары, төртінші – жол-көлік оқиғалары болып отыр. Сондықтан, осы негізгі мәселелерге биыл басым-бағыттар белгілеп, сол бойынша тікелей профилактикалық жұмыстар істеуді жоспарлап атқарудамыз, – Шиелі АПб бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Қ.Өсербайұлы.
«Қызыл кітапқа» енген жануарларды браконьерлер қынадай қырып қана қоймай, оларды қорғап жүрген инспекторларға да қарулы қарсылық көрсетіп жүр. Осындай жағдайға байланысты үш жыл бұрын елімізде 2 қорықшы көз жұмған. Тағы бірі қаскөйлердің соңынан қуып, мерт болды. Көбіне заңсыз аң аулайтындар айыппұл төлеп құтылып кетеді. Алайда, Мемлекет басшысы бекіткен Заң жобасына сәйкес, енді сирек кездесетін жануарды атқан адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
