Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттарымен кездесті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, аудан ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы саяси реформаларды жариялап, республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады.

Конституциялық жаңғыру аясында жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесі қатар дамуда. Апта басында Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Ұлттық Құрылтайда көтерілген бастамаларды қорытындылайтын маңызды кезең. Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі.

«2023 жылы VIII шақырылымдағы мәслихаттың жұмысы басталып, оның құрамына әртүрлі саяси партиялардың өкілдері енді. Бұл жергілікті мәселелерді көппартиялық негізде талқылауға мүмкіндік берді. Осы ретте VIII шақырылым депутаттарының өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанын ерекше атап өткен жөн. Халық сенім артқан депутаттарымыз мемлекеттік органдармен және сайлаушылармен тығыз байланыс орнатып, ел өміріндегі маңызды саяси науқандарға белсенді қатысты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, олардың тиімді шешілуіне атсалысты. Депутаттардың қолдауымен мәслихат сессияларында бюджетке өзгерістер енгізіліп, қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканы дамытуға бағытталды.
Осылайша, мәслихат депутаттары қоғамдағы бірлікті нығайтуға, халық пен билік арасындағы байланысты бекемдеуге, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосты. Бекем бірлігіміз бен татулығымыздың, ел ішіндегі ауызбіршіліктің арқасында Шиелі ауданы әрдайым алдыңғы қатардан көрініп келеді», – деді аудан әкімі.

FB_IMG_1792061799888.jpg

Алқалы жиын барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Жиында «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов, аудан ардагерлері Әшім Оразбекұлы, Оразәлі Әбдіманапұлы, Патима Шәймерденқызы, Найля Әбілқасымқызы және аудандық мәслихат төрағасы қызметін атқарған Мұрат Тұрабаев сөз сөйлеп, VIII шақырылым депутаттарының ел игілігі жолында атқарған жұмыстарына тоқталып, бірқатар ой-пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, аудандық мәслихаттың VIII шақырылымы кезеңінде 52 сессия өткізіліп, 678 шешім қабылданған.

FB_IMG_1792061801704.jpg

Тағы да оқыңыз: