Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Тартоғай және Қоғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге ауыл тұрғындары, абыз ақсақалдар, ақ жаулықты аналар, зиялы қауым өкілдері мен мекеме басшылары қатысты.
Алдымен аудан басшысы Тартоғай ауылдық округіне барып, Мемлекет басшысының бастамалары мен аймақ басшысының қолдауымен аудан көлемінде жүзеге асып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Тартоғай ауылдық округінде 2025 жылы М.Ғабдуллин көшесіне заманауи үлгідегі түнгі жарық шамдары орнатылды, Б.Момышұлы көшесі толықтай асфальтталып, күрделі жөндеуден өтті. Сондай ақ, Д.Ершохаев көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде ауылда әлеуметтік нысандар, көше жарығы, ауыз су, жол мәселелері шешімін тауып, тұрғындар аудан басшысына алғыстарын жеткізіп, ауыл әлеуетінің алдағы дамуына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Келесі кезекте аудан әкімі Қоғалы ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Қоғалы ауылдық округінде 2025 жылы жастар саябағы салынды, елді мекен ауыл шаруашылығы бойынша малдарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Қырман аумағынан ұңғыма қазылып, ауыл тіршілігіне тиімді жағдай жасалды.
Кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі аталған сұрақтарды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатынын және тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілгенін жеткізді.
Ашық форматта өткен кездесу ауыл тұрғындарының билікке деген сенімін арттырып, халық пен әкімдік арасындағы байланысты нығайтуға оң ықпалын тигізді.
Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
