Kyzylorda-news.kz. Шиелі тек дарындыларды туады десек, артық айтпағанымыз болар. Оған дәлел – жыл сайын аудан өнерпаздарының өңірлік, облыстық, тіпті республикалық байқаулардан бәйге алып, алдыңғы қатардан көрініп жүргені. Ал ауданда кез келген сайыста сыннан сүрінбей, мықтылығын дәлелдеп мүдірмей келе жатқан жасөспірімдер жетерлік. Солардың бірі – «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасына қатысып, финалға одан әрі «Жекпе-жек» кезеңіне өткен талантты өнерпаз Айқын Ерболатұлы. Жуырда ғана Айқынды аудан әкімі Нұржан Ахатовтың өзі жеке қабылдап, кішкентай өнерпазға сәттілік тіледі.

Өткен аптаның жұмасында жас жұлдыз өңір басшысы Нұржан Сәбитұлының қабылдауында болды. Ең әуелі аудан әкімі жобаның ақтық кезеңіне өткен бүлдіршінге сәттілік тілеп, байқауда барынша мықты болуға күш берді. Сонымен қатар «Нартай өнер мектебінің» мақтаулы оқушысы атанған Айқынның ұстаздары мен оның ата-анасына алғыс білдіріп, аудан әкімдігі әрдайым жас өнерпазға жан-жақты қолдау беруге дайын екенін жеткізді. Аудан басшысы барша халықты көмейіне жыр тұнған, жеңіске ұмтылған халықтың ұлына алдағы тікелей эфирде дауыс беріп, барынша қолдауға шақырды.

Иә, күллі Қазақстан көз тіккен еліміздегі дарынды жастардың басын қосқан ауқымды жобаға тек мықтылардың ғана қатыса алатыны мәлім. Ал өнерге жақын болғанымен, бәсекелестеріне тойтарыс бере алмағандар іріктеу кезеңінен өте алмайды. Бұл – шындық. Өйткені бұл жобада тәртіп те, талап та қатал. Алайда, «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген тәмсілді негізге алсақ, бақтың да шауып, жүзден жүйрік атануың да әбден мүмкін екенін ұғынамыз. Десек те, шын мықтыға қашан да қажырлы еңбектің қажет екенін түсінген жөн.

Ұзақ уақытқа созылған мегажобаның да аяқталар кезі таяу. Бұл ауқымды сайыстың іріктеу кезеңнен өткендер – шынында кіл мықтылар. Кім көрінгеннің мұндай ірі байқауда бәйге алмасы анық емес пе? Әсіресе, күміс көмейін ешкім де жасандылыққа салып керемет ете алмайды. Көмейге бұлбұл ұялаған әнші болу үшін әуелі Алланың берген қабілеті керек-ақ. 

Содан кейін алтын құрсақты ананың жатырынан дарынды болып туылу қажет. Одан арғысы дүниенің дидарына келген соң әркімнің өзіне байланысты. Бойдағы қабілетті тұншықтырмай, ерінбей еңбек етіп ел алдына шыққандар ғана жарқыраған жұлдыз бола алады. Міне, Айқынның тұла бойында жоғарыда тілге тиек еткен тіркестердің бәрі бар.

Айқын – бүгінде «Нартай өнер мектебінің» кішкентай ғана оқушысы әрі ауданның мақтанышы. Қазіргі таңда оған артылған жауапкершіліктің жүгі басым. Өзі кішкентай болса да ол жан-жақтылықты жақсы көреді. Әншіліктен бөлек Айқынның спортқа да жақындығы бар. Оның ішінде баскетбол мен футболды жаны сүйеді. Әрі мектепте де озат оқушылардың қатарында болып, көпке үлгі болып жүрген жайы бар. Бүгінде оның жетістікке жетіп, ел алдына жүргеніне әкесі Ерболат Байқоңыратов себепкер. Алдағы уақытта Айқын жайлы әлі талай қалам тербеп, мақала жазатынымыз анық. Бірақ дәл қазіргі уақытта сізбен біз үшін кішкентай дарынды жеткіншектің ақтық кезеңде де сүрінбей өтіп, Сыр өңірінің намысын қорғап шығуы аса маңызды.

Алты мыңнан астам бала қатысқан «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасына барып, ең әуелі көрмей таңдау кезеңінен өтіп, содан соң екінші кезең – «Жекпе-жектен» де сүрінбеген ауданның мақтанышы алдағы уақытта яғни, бірінші шілде күні ақтық мәреде, тікелей эфирде ел алдында бақ сынайды. Бұл жолы жеңімпазды тәлімгерлер емес, көрерменнің өзі таңдайды. Байқаудағы басты талап – тікелей эфирде өзің қалаған өнерпазға дауыс беру. Сондықтан баршамыз 1 шілде күні мақсаты айқын, өзі өнерлі, жан-жақты жігітке жұмыла дауыс берейік. Өйткені Айқын жеңіске жетсе, әлемді мойындататыны анық! Ендеше, баршамыз ауданның мақтанышына айналған Айқын Ерболатұлын қолдайық, қымбатты оқырман!

Тағы да оқыңыз: