Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының Жөлек ауылдық округінде тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жаңа спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап, бұқаралық спортты дамытуға серпін береді.
Спорт кешенінің жалпы ауданы 982,15 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың құрылыс алаңы - 885,40 шаршы метр, құрылыс көлемі - 9 990 текше метр. Нысанның архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай жүзеге асырылып, өлшемі 20х42 метр болатын тіктөртбұрыш пішінінде салынған.
Құрылыс жұмыстарын «Интегрострой» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалауды «Строительный контроль» ЖШС, авторлық қадағалауды «ПСК Qabylet» ЖШС жүзеге асырған.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға және өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан болып табылады.

Шиелі ауданындағы Ақмая және Бәйгеқұм ауылдық округтерінде электр желілерін жаңғырту және тозығы жеткен бағаналарды ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жобалар ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бәйгеқұм ауылындағы ВЛ-10/0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2023 жылдың 1 желтоқсанында сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Жоба аясында ауылға 10 кВ болатын 12,3 шақырым және 0,4 кВ болатын 23,6 шақырым электр желілері тартылып, 12 дана трансформатор орнатылады. Нәтижесінде Бәйгеқұм елді мекенінің тұрғындары сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтылатын болады.
Сонымен қатар Ақмая ауылын сыртқы электрмен жабдықтау желісінің құрылысына қатысты мердігер, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерімен келісімшарттар жасалған.
Нәтижесінде 10 кВ болатын 4,267 шақырым және 0,4 кВ болатын 18,61 шақырым электр желілері жүргізіліп, 501 электр бағанасы орнатылған. Сондай-ақ қуаттылығы әртүрлі 7 трансформатор іске қосылған.
Аталған жобалар өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Сондай-ақ, Шиелі ауданында халықты тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын «Шиелі» қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылды.
1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан станция аудан тұрғындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде аудан бойынша 19 мыңнан астам электр тұтынушы тіркелген. Оның ішінде 17 мыңнан астамы жеке тұлғалар болса, 1900-ден астамы заңды тұлғалар.
Жаңғырту нәтижесінде ауданның электрмен қамту жүйесінің сенімділігі артып, тұрғындар мен өндіріс орындарын тұрақты қуат көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігі күшейді. Сонымен қатар жаңа технологиялардың енгізілуі апаттық жағдайлардың алдын алып, электр желілерінің тиімді жұмыс істеуіне жол ашады.

Айта кетейік, Шиелі ауданында бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында нысан толық жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай қайта бейімделеді. Ғимараттың жалпы ауданы - 1 816 шаршы метр, құрылыс алаңы - 1 878 шаршы метр, ал құрылыс көлемі -13 152 текше метрді құрайды.
Күрделі жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың ішкі және сыртқы инфрақұрылымы жаңартылып, спортпен айналысуға қолайлы жағдай қалыптастыру көзделген. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін спорт кешені аудан тұрғындарының игілігіне беріліп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.

Бүгінде Шиелі кентіндегі тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз ететін «Базар» арығына темір-бетонды науа орнату жұмыстары басталды. Жоба су жүйесінің тиімділігін арттырып, су ысырабының алдын алуға бағытталған.
Бүгінде Шиелі кентінде 36 мыңнан астам тұрғын тұрады. Елді мекенге «Сырдария» өзенінен 22 бекет арқылы келетін «Базар» арығы тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Аталған арыққа темір-бетонды науа орнату жобасы бойынша 2023 жылы сараптаманың оң қорытындысы алынған.
«Базар» арығының жалпы ұзындығы 8 400 метрді құрайды. Оның 2 886 метріне 2016 жылы темір-бетонды науа салынса, қалған 5 514 метр бөлігіне лоток орнату қажеттілігі туындаған.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда су өткізу жүйесінің тиімділігі артып, тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз ету сапасы жақсара түседі.

