Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында биылғы жылдың 9 айында 800-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылды.
Аудан бойынша 27 мәдениет үйі мен клубы, 32 кітапхана, мәдени-шығармашылық орталығы мен Нартай өнер мектебі халыққа мәдени қызмет көрсетеді.
Биылғы жылдың басынан қыркүйек айына дейін аудандық мәдениет үйлері мен клубтарында 793 мәдени шара ұйымдастырылып, оған 76580 көрермен қамтылды. Сонымен қатар ауданда облыс көлемінде жас таланттарды табу, олардың шығармашылығын шыңдау, өнеріне қолдау көрсету мақсатында 5 облыстық байқау-фестиваль, мүшәйралар мен ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Атаулы күндері аудан көлемінде ұйымдастырылған шараларға тоқталып өтсек. 1 шілде күні домбырашылардың орындаушылық шеберлігін арттыру мақсатында «Балалар жылы – 2022» аясында және Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – көненің көзі, бабаның үні» атты домбырашы балалар арасында облыстық байқау өткізілді. Сонымен қатар 5 шілде күні аудандық Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда «Асқақта, еңселі Елорда!» атты мерекелік іс-шара өтті.
12 шілде күні «Балалар жылы – 2022» аясында балалардың жаз мезгіліндегі демалысын мағыналы өткізуге жағдайлар жасау, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік, патриоттық сезімін арттыру мақсатында «Көкшоқы» мөлтек ауданында орналасқан «Сыр ұланы» тынығу лагеріндегі жас өрендерге арнап мерекелік кеш ұйымдастырылды. 21 шілде күні Шиелі кентіндегі «Думан – Шиелі» ЖШС-нің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы егде жастағы және балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау мақсатында Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығының өнерлі жастары өнерлерін көрсетіп, тынығушылардың ыстық ықыласына бөленіп қайтты.
Сонымен қатар 10 тамыз Абай күні мерекесіне арналған «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты іс-шара мен «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты танымдық сағат өткізілді. Ал 11 тамыз күні Шиелі аудандық мәдениет қызметкерлері Талсуат елді мекеніндегі әлеуметтік саланың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының демалушыларына концерттік бағдарламамен барды. Әннен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салып, қариялардың батасын алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қайтты. Сонымен қатар 12 тамыз – Халықаралық жастар күні мерекесіне орай «Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы» атты мерекелік шара өткізілді. 25 тамыз күні көрнекті Мемлекет қайраткері Ғани Мұратбаевтың туылғанына 120 жыл толуына орай «Сыр елінің жұлдыздары» атты әдеби кеш өткізілді.
Ауданда 2 қыркүйек күні Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай түрлі тақырыптағы шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар 30 қыркүйек күні «Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы» кәсіпорны және Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарының жұмысын ұйымдастыру және жандандыру жолдары» атты клуб қызметкерлерінің аудандық семинар-кеңес өтті. Сондай-ақ 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты жиын өткізілді.
Ауданда кітапхана қызметкерлері де түрлі шараларды қолға алды. Кітапханашылар «2022 жыл - Балалар жылына» орай жаз айларында балалар мен жасөспірімдерге қалтқысыз қызмет етті. Атап айтқанда, 1 шілде күні балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Ертегілер әлемі шақырады» тақырыбында виртуалды көрме жасады. Оған қоса, балаларға арналған ертегілерден қойылымдар қойылды. Сонымен қатар түрлі тақырыптарда аақпараттық сағаттар ұйымдастырылды. Сондай-ақ 12 қыркүйек күні Ш.Қодаманов ауылдық кітапханасы мен Ш.Қодаманов ауылдық мәдениет үйі бірлесе отырып, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты дөңгелек үстел өтті. Отбасы күніне орай «Отбасы – алтын діңгек» атты ақпарат сағаты өткізілді. Ал 22 қыркүйек күні «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында А.Байтұрсынұлының 150 жыл толуына орай А.Байтұрсынов көшесінде «Ұлттың ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлы» атты библио-керуен ұйымдастырылды.

