Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызмет жауапкершілікті талап етеді. Ал мемлекеттік қызметкерге артылар міндет пен жүк өте ауыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да үнемі айтып келе жатыр. Біз де кәсіби мереке қарсаңында сан салаға басшылық етіп, аудан әкімінің тікелей тапсырмасын тиісті сала мамандарына жеткізіп, өңірдің даму жолында абыройлы қызмет етіп, аянбай тер төгіп жүрген Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Азамат Амантайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сұхбатымызды бастамас бұрын алдымен өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз?
– Рахмет! Мен Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін 2022 жылдың мамыр айынан бастап атқарып келемін. Ең алғашқы еңбек жолымды 2009 жылы Қызылорда облысы әкімі аппаратында жастар тәжірибесінен бастағанмын. Содан соң, штаттан тыс қызметкер, Қызылорда қаласындағы Ақпараттық технологиялар орталығында жетекші эксперт, бөлім басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратында бөлім басшысы, 2019 жылдан 2022 жылға дейін Қызылорда облысы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінде, ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқардым.
– Қазіргі қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген көзқарасы қандай? Халық үдесінен шығу қаншалықты қиын?
– Мемлекеттік қызметшінің халық үдесінен шығуы қаншалықты қиын болса, оған жүктелер жауапкершілік одан да үлкен. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының енгізілуі қоғамның шынайы қажеттігін, азаматтардың көкейін түсіну және соны барынша қанағаттандыру. Қазіргі біздің қоғам – мемлекеттік қызметкерлерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ, адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін Отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Бүгінде Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында 4 заң қабылданып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілді.
– Бүгінде аудан бойынша қанша мемлекеттік қызметкер бар? Осы санаттағы ер азаматтар мен нәзік жандардың үлесі қандай?
– Шиелі ауданы әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдарда – 185 (нақты – 180) мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.
Атап айтар болсақ, Шиелі ауданы әкімі аппаратында – 22, Шиелі кенті әкімі аппаратында – 15, ал ауылдық округтерде – 99, дербес бөлімдерде – 49 мемлекеттік қызметкер қызмет атқаруда. Мемлекеттік қызметте 85 әйел жұмыс істейді. Ол – барлық мемлекеттік қызметшілердің 45 процентін құрап отыр. Оның ішінде – 7-і жоғары лауазым атқарса, 2 қызметкер ¬аудан әкімі аппаратындағы бөлім басшысы, 1 дербес бөлім басшысы, 4 дербес бөлімдердегі сектор меңгерушісі болып қызмет етеді. Сондай-ақ 165 мемлекеттік қызметкер жоғары білімділер санатына жатады. 5 қызметкер жоғары оқу орнынан кейінгі (магистр дәрежесінде) білім алған. Ал 16 қызметкер арнаулы оқу орнын тәмамдаған.
– Бүгінгі таңда осы мемлекеттік қызмет бойынша зейнетке шыққан ардагерлеріңізбен байланыстарыңыз бар ма?
– Әрине, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері – қызметтік уақытында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бірқатар жұмыс атқарған жандар. Мәселен, 2022 жылы мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесіне орай салтанатты жиынға қатысуға шақырып, зейнетке шыққан Оразбай Садықов, Шара Жұманова, Байымбет Дүрімбетов сынды ардагерлерімізге аудан әкімінің құттықтауы табыс етілді.
Бұл үрдіс жыл сайын өз жалғасын табуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмыс жоспарына сәйкес, зейнетке шыққан мемлекеттік қызмет саласының ардагерлерінің қатысуымен жас мемлекеттік қызметшілердің кездесуін ұйымдастыру жоспарлануда.
– Енді мемлекеттік қызметшінің имиджі туралы сөз қозғасақ. Оларға қойылатын басты талап қандай?
– Өте орынды сұрақ. Негізінде мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – күрделі және ұзақ процесс. Осы бағытытта ҚР Президент Жарлығына сәйкес ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы арнайы ереже бекітілген болатын. Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайтудың мақсаты – халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметшілерінің мәдениетінің қалыптасуына, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасы мен Әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуға мүмкіндік береді. Ал Шиелі ауданы әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдарының Әдеп жөніндегі уәкілі қызметі маған жүктелген. Кез келген мемлекеттік қызметкерге ең алдымен қарапайым болу, Әдеп кодексі нормаларын сақтау, заңда белгіленген шектеулерді сақтау, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір қасиетін кемсітпеу, оларға жол бермеу, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тараптау, сынға себепкер болмау талаптары қойылады. Біздің де ұстанымымыз осы.
– 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай қандай шаралар өткізілуде?
– 21 маусым күні кәсіби мерекеге және Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін нығайту, шығармашыл қызметкерлерді ынталандыру, туған жерге деген ұлтжандылықты, патриоттық сезімді дамыту мақсатында «Арман» мәдениет үйінде «Екі жұлдыз» атты ән байқауы өткізілді. Сондай-ақ 22 маусым күні бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдағы әріптестік қатынасты нығайту және мемлекеттік қызмет имиджін нығайту мақсатында Бәйгеқұм ауылдық округі, «Ханқожа» көлі жағалауында мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакияда мен психологиялық тренинг өткізілсе, 23 маусым күні «Арман» мәдениет үйінде салтанатты жиын өткізілді.
– Сұхбатыңызға рақмет!