Kyzylorda-news.kz. Жеңіл көлікті желден жылдам жүйткіте айдау қазіргі рөлде отырған көптеген жастың әдетіне айналғандай. Шалғай ауылда тұрсақ та көше бойын шаңғытып, көлігін зуылдатып жүргендерді жиі көзіміз шалады. Кіл өрім жастардың дені көлік тізгінін таяуда ұстағандар. Күндіз үлкендерден аяқ тартатын олар, кеш батса болды алып-ұшып тұрады. Ауылдың негізгі сәні жаз уақытында далада тынығу емес пе? Бірақ, жүйткіген көліктің құлақ жаңғыртар дауысынан далада жату мүмкін емес кейде.Жалпы біздің айтпақ мәселеміз түнгі ұйқыда емес, жын қуғандай жүйткіген көліктерде.

Жақында ғана аудан орталығында орын алған қайғылы жағдайды көпшілік ұмыта қойған жоқ әлі. Кәмелет жасқа толмаған, мектепті бітіруге санаулы ғана күндері қалған жастар жол апатына түсіп, салдарынан бір ғұмыр қыршынынан қиылғанын естіп, әттеген-айлағанымыз рас. Дегенмен бұндай оқыс,салдары ауыр, зардабы зор қайғылы оқиғалардан біз, аудан тұрғындары тиісті «сабақ» ала білдік пе? Баланың,жеткіншектің рұқсатсыз көлік тізгіндеуіне ата-аналар қаншалықты жауапты? Өткен аптаның аяғында яғни демалыс күні аудан орталығында полиция қызметкерлерінің көлігі қаптап жүрді. Жол жиегінде тоқтап тұрған ,қаптап тұрған бір көлік. Жол полицияларына жүктелген міндет те зор. Аталған сала қызметкерлерінің қырағылығы арқасында соңғы кездері түнгі уақытта аудан орталығындағы жүйткіген көліктердің жүрістері бәсеңдеп, жүргізушілер жол ережелеріне,сақтық шараларын мұқият бола бастағанын көзіміз көрді. тәртіп сақшыларына ұсталып, айыппұл тұрағына қамалған көліктер де баршылық. Алдағы уақытта да осындай рейдтік жұмыстар жіті жүргізілсе, жүргізушілер жол ережесін сақтауға бейімделіп қалар деген үміттеміз.

«Мен осы аудан орталығында күндіз-түні такси боламын. Бір күнде аудан орталығын, кент ішін сан мәрте айналып шығамын. Жасыратыны жоқ, қазір рөлде отырғандардың көбі жас. Жол ережесін жөнді білмейді. Кейде ауылдық жерлерге де такси болып барып жатамын. Ауыл ішінде шамамен 7-8 сынып оқитын жеткіншектер көлік тізгіндеп жүреді. Жанында әкесі немесе ағасы жоқ. Олар не біледі? Рөлді оңды-солды бұрып айдағанымен, оларда тәжірибе аз. Сондықтан ата-ана баланың ерте көлік айдағанына мәз болмай, олардың сақтық шараларына көңіл бөлуі қажет», – дейді Ерназар Жұманазарұлы.

Күні кеше еліміздің батыс аймағында жол апатынан түгелдей бір отбасының 6 адамы опат болды. Атырау-Ақтөбе бағытындағы тасжолда «Lada Priora» мен «Yutong» автобусы соқтығысқан. Жол апатының салдарынан жеңіл көліктегі 5 жолаушы мерт болды. Көз жұмғандардың арасында 1985 жылғы әйел, 2013, 2016, 2019 және 2021 жылғы балалар бар. «Lada Priora» жеңіл көлігінің 1982 жылғы жүргізушісі Атырау облыстық ауруханасында алған дене жарақаттары салдарынан көз жұмғаны жөнінде Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселесінің ушығып тұрғанын төмендегі деректерден байқауға болады. ҚР ІІМ мәліметінше, өткен жылы республика жолдарында жол апаттарынан 947 адам көз жұмып, 8110 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Жүргізушілердің жүгенсіздігі – жол қауіпсіздігіне ең көп кесірін тигізетін қателік осы. Мұны ішкі істер органдарының мамандары да жоққа шығармайды. Былтырғы жылы аудан көлемінде 20-ға жуық жол апаты орын алған. Апат салдарынан 8 адам көз жұмды. Ал биылғы жылдың бірінші жартысында  22 жол көлік оқиғасы тіркелсе, 9 адам осы қара жолдың құрбаны болған. Айта кетейік, Атырау мен Маңғыстау облысында бір аптада жол апатынан 20-дан астам адам көз жұмып, сандаған отбасы қара жамылып отыр.

Қазақта «Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі екенін түсіне білу қажет. Жолды жөндеуге болады, ал жол үстіндегі адам өмірі ше? Адамның, жолаушының өмірін сақтау үшін «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын. Сондықтан шамадан тыс жылдамдықты асырмай, жол қауіпсіздік ережесін сақтаған адамды, Құдай өзі сақтайды. Қара жолда қара жамылып қалмас үшін, сақтық шараларын сақтап, жол ережесіне мұқият болған абзал.

Тағы да оқыңыз: