Kyzylorda-news.kz. ІІМ азаматтарды мазалаған ең басты сұрақтарға жауап берді. Ол қатарда шетелдік көліктерді есептен шығару, кедендік тазарту, ресми құжатының болмауы және сақтандыру мәселесі бар, деп хабарлайды Экспресс К.
Елдегі шетелдік көліктерді заңдастыру жөнінде ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев түсіндірді. Рolisia.kz медиа-порталындағы мәліметте ол ең алдымен азаматтардың басты сұрағы — басқа елде тіркелген автокөлікті есептен шығару қажет пе деген мәселеге тоқталған. Әрі автокөліктің есептен шығарылғаны жөнінде қалай білуге болатынын да айтып берді.
"Заңдастыру үшін автокөлікті есептен шығару қажет. Біз оны есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоя аламыз. Бұл — кәдімгі рәсім. Ел ішіндегі автокөліктерді де алып сату кезінде тіркеуден шығарып, сатып алушының атына тіркеуге қойылады. Бұл автокөліктердің тіркеуде тұрғаны не болмаса сол тіркеуден шыққаны туралы ақпаратты білу үшін Қазақстан азаматтарына осы көлік тіркеуде тұрған елге барудың қажеті жоқ. Көп жағдайда сатушылар үшін ол автокөліктердің өз атында тіркеуде болуы тиімсіз. Себебі сатылып кеткен автокөлік өз атында тіркеуде тұратын болса, ол кісілер салық төлеуге мәжбүр. Осыған байланысты, әдетте, бұрынғы иелері автомобиль сатылғаннан кейін өздері өтініш беріп, көлікті есептен шығарады. Осы автокөліктерді тіркеуден шығу фактілерін бүгінгі күнде қашықтықтан тексеруге техникалық мүмкіндігіміз бар. Кейбір жағдайларда автокөліктерді тіркеуден шығару үшін арнайы сұраулар жіберуге де болады. Айта кету керек, автокөліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені басқа елде тұрған сол автокөліктерде әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер біз оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қоятын болсақ, құқықтық мәселелер туындауы ықтимал", — деді Қайсар Сұлтанбаев.
Ал кедендік тазартудан қандай көліктер өтуі тиіс деген сауалды былай түсіндірді.
"Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі тиіс. Бұл жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, біз АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен автомобильдерді әкелген кезде міндетті түрде автокөлікке кедендік тазарту жүргіземіз. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай өзгеріс жоқ. Қырғызстаннан келген автомобильдерге тоқталатын болсам, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеніне қарамастан, онда автомобильдер Еуразиялық экономикалық одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткенін және бұл автомобильдер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналатынын атап өткен жөн. Осыған байланысты оларды Қазақстанда тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мөлшерлемелері бойынша кедендік баждар айырмасын қосымша төлеп, толық кедендік тазартудан өту қажет. Әр жағдайда есептеу автомобиль класына байланысты жеке жүргізіледі. Мысалы, орташа есеппен Қырғызстаннан әкелінген Toyota Camry автокөлігіне төленетін кедендік баж мөлшері шамамен 400 мың теңгені құрайды. 2023 жылғы 12 қаңтарда заңнамалық түзетулер күшіне енді. Осыған сәйкес Қазақстан азаматтары енді автокөлікті шетелдік есепке ала отырып, автосақтандыруды ресімдей алмайды", — деді ол.
Автокөлікті 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелген азаматтарға не істеу қажет? Заңдастыру әлі басталған жоқ, бірақ сақтандыруға тыйым салынуда деп алаңдаған азаматтарға мынаны есте ұстау керек дейді.
"Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерге автосақтандыруды заңдастыру аяқталған күнге дейін, яғни 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ресімдей алады. Себебі бұл автомобильдер қазір Қазақстанда заңдастыруға және тіркеуге жататын мәртебеде. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автомобильдерді сақтандыру полистері арқылы қолдану сол полисте көрсетілген мерзімге дейін жарамды. Ал мерзімі өткеннен кейін жалпы негізде тіркеуі қажет немесе оларды республикадан тыс елдерге шығару керек", — деді.
Сонымен қатар, көлік құралдарына ресми құжаттары жоқ автоконструкторлардың иелеріне де нақты жауап айтты. Сөзінше бөлшек түрінде әкелінген көліктер заңдастырылмайды.
"Біріншіден, олар бұрын да заңсыз пайдаланылғанын атап өткен жөн. Аталған автомобильдер Қазақстанға қосалқы бөлшектер түрінде әкелінген, кедендік тазартудан өтпеген. Әдетте, оларды бөлшектеп сату үшін әкеледі. Екіншіден, осындай автомобильдер Қазақстанда көршілес мемлекеттерде берілген жалған техпаспорттар мен жалған мемлекеттік нөмірлер бойынша пайдаланылады. Бұндай автомобильдер заңдастырылмайды. Нәтижесінде олар Қазақстаннан тыс жерге шығарылып немесе бөлшектеп сатылуы қажет", — деп түйіндеді сөзін.
