maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Сырдариялық Нұржанна Бакуова №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің түлегі. Оның білім жолындағы жетістігі мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ ұстаздарын қуантты. Болашақ ғалым өте сирек кездесетін мамандық иесі атанып, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты ретінде шетелде магистратурада білім алған. Жақында арманы асқақ, білімге құштар жерлесімізбен тілдесудің сәті түсті. Оқырмандар назарына сұхбатты ұсынамыз.

– Нұржанна Сабыржанқызы, туған елдің топырағы қашанда ыстық. Туып-өскен мекеніңіз туралы, алтын ұя мектебіңіз мен ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз?

– Қасиетті Сыр топырағында, Тереңөзекте дүниеге келдім. Алғаш мектеп табалдырығын осыдан 18 жыл бұрын аттадым. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте алғаш «Әліппе» кітабын қолыма ұстатып, әріп үйреткен сүйікті ұстазым – Рәзия Әжниязова. Алғашқы ұстаздың орны қашан да шәкірт үшін ерекше. Сонымен қатар бала кезімнен 10 жылдай уақыт өнерге баулыған Сырдария аудандық әуез мектебінің мұғалімдеріне, әсіресе хореограф Гүлшат Мұратбекқызына және домбыра сабағынан дәріс берген Талғат Сансызбайұлына алғысым шексіз. Өнердің арқасында Қазақстанның көптеген қалаларында өнер көрсетіп, сахнаға шықтық, жаңа ортамен таныстық. Мұның барлығы тұлға ретінде қалыптасуыма септігін тигізген өмірлік тәжірибе десем болады. Алтын ұя мектебімде 8-сыныпты аяқтап, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқуды жалғастырдым. 2016 жылы мектеп бітіріп, НЗМ түлегі атандым. Осында оқып жүргенімде жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылды.

– Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі ретінде қандай оқу орнын таңдадыңыз, қандай мамандық бойынша жо­ғар­ғы оқу орнының студенті атандыңыз?

– Мектеп бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «биотехнология» мамандығы бойынша оқуға түстім. Осы оқу орнының түлегімін. Сонымен қатар 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында Кенбук Ұлттық университетінде «биотехнология» мамандығы бо­йынша бір академиялық семестр оқуды аяқтадым. Қазіргі таңда «Биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша Ұлы­­­­­б­ри­танияның Глазго университетінде магистратураны бітірдім .

– Ғылым мен білім жолына түсіп, «Болашақ» бағдар­ламасының стипендиаты атандыңыз? Мұндай жетістікке қалай қол жеткіздіңіз?

– Иә, 2020 жылдың ең жағымды жаңалықтарының бірі – ол «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атану болды. Қазіргі мамандығым сирек кездесетін, Қазақстанда енді дамып келе жатқан мамандық. Сол үшін де толық грант алу мүмкіндігі аз. «Биомедициналық инженерия» бағыты бойынша магистратура елімізде тек Назарбаев университетінде оқытылады. Ең алдымен, коронавирустың таралуына байланысты елде қалып, оқуымды Назарбаев университетінде бастадым. Қауіпті індет жоспарларымның іске асуына әсер етпей қоймады. Шетелдегі басқа гранттардан бас тартуға тура келді. Назарбаев университетінде магистратура оқып жүрген уақытта Ұлыбританиядан шақырту алдым. Мамандығым бо­йынша ең үздік оқу орнында оқу мүмкіндігін, шынымды айтсам, қандай жағдай болмасын жіберіп алғым келмеді. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасының соңғы кезеңіне үлгеріп тапсырып, бағымды сынап көрдім. Нәтижесінде, «Болашақ» бағдарламасын жеңіп алып, өзім армандаған оқу орнының магистранты атандым.

– Шетелде оқудың артықшылығы мен қиындығы неде деп ойлайсыз? Қанша тілді меңгергенсіз?

– Ең бірінші ана тілім – қазақ тілін жақсы меңгергенмін. Орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Алайда, менің ғылымдағы жолым көбіне ағылшын тілімен байланысты. Қазіргі кезде ағылшын тілінің қай салада болмасын артықшылықтары басым. Әсіресе, ғылыми мамандықтарды ағылшын тілінде оқу көп мүмкіндіктерге жол ашады. Себебі, кез келген ғылымдағы соңғы жаңалықтар, ғылыми мақалалар ағылшын тілінде жарияланады. Шетелде білім алудың ең басты артықшылығы – жаңа ортамен танысу, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған талантты, білімді студенттермен бірге білім алу, бірге саяхаттау. Қазір мен ғалымдармен бір ғылыми жобада бірге жұмыс жасаймын. Сонымен қатар әрине, сол елдің мәдениеті мен тілі, тарихымен және өмір сүру құндылықтарымен танысасың, бойыңа сіңіресің, жаңа көзқарастардың қалыптасуына, көкжиектің кеңеюіне септігін тигізетіні анық. Шетелдік жоғары стандартты оқу орындарында білім алу жүйесі студенттің жан-жақты сыни тұрғыдан, критикалық ойлау қабілетінің дамуына, кез келген проблеманы жан-жақты зерттеп, шешу жолдарына үйрететін оқу әдістемесіне бағытталған. Әрине, оның бәрі адамның өзіне, өмірлік тәжірибесіне, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнату қабілетіне байланысты. Сонымен қатар қиындықтары да қатар жүреді. Жаңа ортаға бейімделу қиындықтары, тілдік және мәдени кедергілері болуы мүмкін. Оқу барысында тұратын баспана іздеу, қаражат мәселелері, тамақ өнімдерінің айырмашылықтары деген сияқты жағдайлар шетелге оқуға кеткен кез келген студенттің басында кездесетін қиындықтар десем болады.

– Мамандық таңдау өте жауапты, әрі қиын екені белгілі. Мамандық таңдағанда неге сүйендіңіз? Қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие деп ойлайсыз?

– Ауылда мектепте оқып жүрген кезімде журналист болуды армандадым. Бірақ, кейіннен химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түскеннен кейін ғылымға деген қызығушылығым қалыптаса бастады. Химия мен биология сабақтары тереңдетіліп оқытылғаннан кейін ғылыми концепция­ларды түсініп, оны талқылауға деңгейімнің жететіне көзім жетті. Мектептегі биология пәнінің мұғалімі, әрі ғылыми жетекшім Сәуле Шажанбаеваның қолдауымен «Өсімдіктерді өсіруде микроклонды көбейтудің тиімділігі» атты ғылыми жобамен айналыстым. Нәтижесінде, 2015 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебі мені Малайзия еліне, Куала-Лумпурда өтетін бір айлық «биотехнология» бағыты бойынша жаздық оқыту курсына жіберген болатын. Осы жаздық лагерьде алған тәжірибем әрі қарай жоғары оқу орнында «биотехнология» бойынша бағытымды жалғастыруыма септігін тигізді десем болады. Ал қазір сәл бағытымды өзгертіп, биомедициналық инженерия бағыты бойынша оқуымды Ұлыбританияның ең үздік оқу орнында жалғастырудамын. Оған себеп болған былтырғы 2020 жылы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде жасаған ғылыми тағылымдамам. Сеулдің үздік ғылыми зерттеу институттарының бірі KIST-те, «Интеллектуалды Биомедициналық Материалдар» лабораториясында медицинада қолданылатын биоматериалдардың қалай жасалатынын өз көзіммен көріп, практика жүзінде танысып, қызығушылығым артып, осы салада магистратура бойынша жалғастырғым келді. Биомедициналық инженерия – биология, химия, физика, математика, инженерия бағыттарын бірге қамтитын күрделі ғылым саласы. Әрине, бұл мамандықты таңдау өте жауапты әрі қиын жол, көп еңбекті талап етеді. Бір ғылыми концепцияны түсіну үшін жүздеген, тіпті мыңдаған әртүрлі ғылыми мақалаларды оқуға тура келеді. Қиын болса да, ең бастысы өзіме ұнайтын жол, өзіме жаңашыл бағыт таптым десем болады. Белгісіз ғылыми жаңалықтарды зерттеп, оның шешімін тапқан, оны әрі қарай зерттеу – ең сүйікті ісім. «Биотехнология» және «биомедициналық инженерия» шет елдерде жоғары сұранысқа ие мамандықтар. Әрине, қазіргі таңда басқа да сұранысқа ие мамандықтар көп. IT саласы, техникалық мамандықтар, қаржы саласы, маркетинг және тағы да басқа заманауи талаптарға сай мамандықтар саны жетерлік.

– Шетелде оқуға көбісі жүрексінеді, өзіңіз оқып жатқан университетте сырттан келген студенттерге жеңілдіктер қарастырылған ба? Мәселен, шәкіртақы қалай төленеді?

– Иә, шетелде алаңдамай оқуға толық көңіл бөлу үшін барлық шығындарды жабатын шәкіртақының болғаны аса маңызды. Алайда, көп шетелдік жоғары оқу орындары толық гранттар ұсынбайды, тек 50 пайыздық грант немесе сырттан демеуші табу арқылы оқу бағдарламасының ақысын өтеуге болады. Мысалы, менің жағдайымда, Ұлыбританияның жоғары оқу орнында оқу үшін қаражат таба алмас едім, сол үшін «Болашақ» бағдарламасының қаржыландыруына жүгіндім. Ұлыбританияда жоғары оқу орындарына Британдық кеңес бөлетін шетелдік студенттерге қаржыландыру бар, сонымен қатар әртүрлі салаларға бағытталған шәкіртақы бағдарламалары көп. Көптеген мемлекеттерде сол елдің мемлекеттік гранттарына немесе профессор атындағы шәкіртақыны ұтып алуға мүмкіндік бар. Яғни, оларға бөлек конкурс арқылы тапсырып, 100 пайыз грант ұтып, оқу ақысын өтеуге болады. Мысалы, мен магистратураны 4 университеттен толық грант, шәкіртақысымен бірге ұтып алдым. Ол Нидерландының Radboud университетінің «биомедициналық ғылым» кафедрасының шәкіртақысы, екіншісі, Оңтүстік Корея, UST-KIST университетінің профессорлық және Корея үкіметінің мемлекеттік гранты, үшіншісі, Назарбаев университетінде оқу үшін берілетін ҚР мемлекеттік гранты және қазіргі оқып жатқан Ұлыбритания, Глазго университетінде оқу үшін «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысы. Қаржыландыру жағынан шетелде оқу үшін ең тиімдісі «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысы. Ай сайынғы алатын шәкіртақым осындағы барлық шығынды жабуға жеткілікті. Айту керек, шетелде барлық студент ақылы білім алады, шәкіртақы жергілікті студенттерге беріле қоймайды.

– Ұлыбританияның жастары мен қазақ жастарының өмір сүру дағдыларында айырмашылық бар ма? Британдық білім жүйесінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Жергілікті жастар барынша еркін тәрбиеленеді, мұнда балаларды жастайынан әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелейді. Ата-аналар баланың өмірін толық қамтамасыз еткеннен гөрі, олар талпынған сәтте ұядан итеруге әрекет етіп, өздігінен ұшуға жағдай жасайды. Әрі қарай баланың өз бетімен еңбек етіп, өз қалауы бо­йынша еңбекке араласуына ықпал етеді. Жастар өз шешімдерін сенімді жасай алады, еркін, қоршаған әлеуметтік ортада өзінің құқығы мен міндеттерін жақсы біледі. Қазақ жастарынан негізгі айырмашылығы таңдау еркіндігінде. Біздің ұлттық тәрбиеде отбасы құндылықтары алдыңғы қатарда тұрады және қандайда бір шешім қабылдамас бұрын ата-анамызбен ақылдасып, бір шешімге келеміз. Өмір сүру дағдыларынан гөрі көбіне ойлау дағдылары мен менталитет айырмашылықтары ерекше сезіледі.

– Ағылшындардың тұрмыс-салты мен қазақстан­дықтар­дың әдет-ғұрпында қандайда бір ұқсастық бар ма? Онда қазақтармен кездесудің сәті болды ма?

– Ағылшындар мен қазақтардың тұрмыс-салтындағы ұқсастық – шай ішуде деп айта аламын. Ағылшындарда біздегідей сияқты «Бестің шайы» деген бар және біздегідей қара шайді сүтпен бірге ішеді. Жергілікті халық өте сыпайы, сөйлесіп отырған адам сөзіне құрметпен қарайды, ойын бөлмейді, «жеке кеңістік» ережесін жақсы сақтайды. Британдық халықтан «мүмкін», «маған солай секілді», «мен ойлаймын...» деген сөздерді сөйлесу барысында жиі естиміз. Олардан «жоқ» деген жауап есту өте сирек кездеседі. Бұл сыпайылықтың белгісі болса керек.

Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен оқитын қазақтар өте көп. Әр қаланың өзінің қазақтар қоғамдастығы бар. «Глазго қазақтары» болып жиі кездесіп, ұлттық тамақтар дайындап, бас қосып отырамыз. Шет елде жүргенде өз Отандастарыңды көру үлкен қуаныш, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетуге дайын тұрамыз.

– Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Көп балалы отбасынан шықтым. Қарашаңырағымыздың арқа сүйері жан әкешім Сабыржан Бакуов – медицина саласының қызметкері, аяулы анашым Гүлшат Нұрыбаева – қаржы саласының қызметкері. Әрдайым көмектесетін, ақылын айтатын әпкем – Ажар және қолқанаттарым – екі сіңілім және інім бар. Көпбалалы отбасы болсақ та, ата-анамның әр баласының тәрбиесіне немқұрайлы қараған кезі болмады. Әрдайым тәрбиемізге көңіл бөліп, мүмкіндігінше бар жағдайымызды жасап, ешкімнен кем қылмай өсіріп келеді. Бойымызға жақсы қасиеттерді сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, жүрген жерімізде жақсылық жасап жүруді, кешірімшіл болуды үйретті. Қандай да бір мәселе туындаса немесе таңдау жасау керек болатын жағдайлар кезінде отбасымызбен бірге дастархан үстінде талқылап, бірге шешім қабылдаймыз. Осы уақытқа дейін ата-анамның қандай да бір таңдауыма қарсы болған кезі болмады, керісінше, қолдау көрсетіп, әрдайым жанашыр бола білді. 14 жасымнан бастап, отбасымнан жырақта, басқа қалада, басқа мемлекетте өз бетімше өмір сүріп келемін. Қай жерде жүрсем де, отбасымыздың құндылықтарын, ата-анамның тәлім-тәрбиесін, айтқан сөздерін ұмытқан емеспін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп халқымыз айтатындай, отбасындағы алған тәлім-тәрбие өмірдің келесі сатысына өтетін баспалдақ. Сол баспалдақты қалап берген ата-анама қашан да алғысым шексіз.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

 

Тағы да оқыңыз: