Kyzylorda-news.kz. Алғыс айту мерекесі Қазалы ауданында ерекше аталып өтті. Мәдениет үйіне жиналған көрерменге бірнеше мектеп пен колледж және аудан өнерпаздары алғыс білдірді. Олар әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Сахналық көрініс ұйымдастырды. Мәнді де, маңызды қойылымды бейнелеген аудандық оқушылар үйінің ұжымы отбасындағы ата-әже, әке-ана, бауырларға отбасы құндылығы жоғары тұратындығын көрсетті.
Шарада №249 мектеп-лицейінің ұстаздары мен ата-аналарға, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі диқандар мен еңбек адамдарына, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжі дәрігерлерге, өрт сөндірушілер мен ішкі істер саласының қызметкерлеріне ризашылықтарын жеткізді. Әйтеке би кенттік мәдениет үйі көше тазалығына жауапты жұмысшыларға, Қазалы көлік-техникалық колледжі теміржол саласының қызметкерлері мен құрылысшыларға және аудандық мәдениет орталығы түрлі этнос өкілдеріне рахмет айтты.
Салтанатты кеште бейбітшіліктің нышаны ретінде бір шаңырақ астына жиналған түрлі ұлт өкілдері бір тал уықтан ұстап шықты. Мерекелік басқосуда қазалылықтарды айтулы күнмен құттықтаған Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы жылы лебізін жеткізді.
«Осынау көктем мезгілінің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп бекер айтылмаса керек. Төртеудің түгелдігі ауызбіршілігі жарасқан береке ынтымағы ұйысқан мемлекетте болады. Араларыңызда ата-бабамыздың салып кеткен сара жолы мен дәстүрін жалғастырып, ел экономикасын көтеруде маңдай терін төккен аға-апаларымыз отыр. Барша елеулі еңбек етіп жүрген сала мамандарына шексіз алғысымды жеткіземін. Мереке құтты болсын», – деді аудан әкімі.
Одан соң үрдіс бойынша марапаттау рәсіміне кезек берілді. Онда бірқатар ауданның дамуына сүбелі үлес қосып, қоғамға еңбегі сіңген бірқатар азаматқа аудан әкімінің арнайы номинациялары табысталды. Сахна төрінде «Абыз ақсақал», «Ардақты әже», «Қайсар жан», «Ұлт мұрасын ұлықтаған», «Аялы алақан», «Еңбегім еліме», «Қайырымды жан» және «Батыр бала» иегерлері көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді.
Ескере кеткен жөн, марапатқа көптің көзіне ілінбей жүргендер шықты. Аталған номинация иегерлерінің бірі – Сапарбек Оразбайұлы елдегі бейбітшілік пен тыныштық ұласа беруін тіледі. Осылайша Алғыс айту күніне орай өткізілген шара елдегі ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін концерттік бағдарламаға ұласты.
