Kyzylorda-news.kz. Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жер облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі. Төскейінде төрт түлігін түлеткен де осы жұрт. Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. “Ақ күріштің Қостанайы” атанған Жалағаштың диқандары ел ризығын еселеу жолында қашанда табандылық танытып келеді. Осы орайда шаруа қожалықтардың алдағы орақ салу науқанына дайындығын білмек мақсатында егінші ауылдарға баспасөз турын ұйымдастырған болатынбыз.
Осы мақсатпен апта басында Есет батыр ауылындағы Ибраев шаруа қожа-лығына ат басын бұрдық. Бірден қожалық төрағасының үйіне табан тіреген бізді төраға бастаған бір топ жұмысшы күтіп алды. Қорада егінге арналған бірнеше техника тұр, ал жұмысшылар сол техникаларларды алдағы орақ салу науқанына дайындау үстінде. Екі қолдары қара май болған жұмысшыларды көріп, диқаншылар үшін ең маңызды жұмыстың әлі де алда екені түсінікті болды. Техникалардың жағдайымен хабардар болып, әрі қарайғы шаруа қожалықпен сұхбатымызды алқап басында жалғасытыруды жөн көрдік.
Төрағаның айтуынша, шаруа қожалығының жұмысы ілгерілеген сайын ауылдың әлеуетін жақсартуға жұмыстар жасалуда. Науқан аман-есен аяқталса, балаларға арнап ойын алаңы құрылысы басталмақ. «Әрине асып-тасып жатқан ештеңеміз жоқ, осы ауылдың тұрғыны ретінде ауылымыздың көркейгенін қалайтынымыз рас» деп ағынан жарылды ағамыз. Тағы бір айта кететін жайт, облыс әкімінің суармалы жерлерден картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыратын жер дайындау жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты тапсырмасына сәйкес, қожалық 5 гектар жер бөліп, бақташылықпен айналысамын деген ауыл тұрғындарына үлестіріп беріпті.
Алқап басы керемет сары түстес кілем төселгендей көрініс беріп тұрды. Кереқарыс масақтар жерге иіліп, сап-сары баданадай дәндер ерекше күтіммен қаралғаны көзге анық байқалды. «Осы көріністің бәрі әуелі Жер Ананың, содан кейін күрішшілердің арқасы» дейді күліп төраға. Сол сәтте керемет көріністің себепкері де қасымызға тұрақтады. Бізде дереу сұхбат ала кеттік.
– Биыл шаруашылықтан 50 гектар жерге «Лидер» тұқымы егілді. Былтыр 120 гектар жерге еккен болатынбыз. Орташа өніміміз де жаман болмай, гектарына 65 центнерден күріш алдық. Биыл су тапшылығы болады деген соң егістік көлемін қысқартқан жайымыз бар. Тәуекелге баруды жөн көрмедік. Өздеріңіз көріп тұрғандай диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде егініміз бітік шығып, науқанды бастағалы тұрмыз. Су тапшылығы алдыңғы жылдағыдай емес, биыл бұл мәселе шешімін тапты. Себебі науқан басталарда барлық су келетін каналдарды қазып, тазарттық. Сосын күріштен бөлек 133 гектар жерге жоңышқа тұқымы егілді. Ал жұмысшыларға келетін болсам, қазіргі таңда 7 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оның екеуі күрішші, тағы бір кісіні «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа алдым. Жұмысшылардың барлығы да өте еңбекқор, өз істеріне жауапты. Сол еңбектеріне сай науқан соңында қосымша сыйақы да белгілейміз, – дейді төраға Бақыт Ибраев.
Рақымжан Серіков ауылдағы аталған шаруашылықта 7 жылдан бері жұмыс жасайды. Бастапқыда қарапайым жұмысшы, кейін механизатор болып еңбек еткен Рақымжан, қазір 5 жылдан бері күрішші ретінде жұмыс істеуде. Алғашында 45-50 гектар жерге «Янтар» күріш тұқымын егіп бастап, өнім көлемінде өсім қалыптастырып, төраға артқан сенім үдесінен шыға біліпті.
– Биыл тек күріштің “Лидер” сұрпын ектік. Рас, “Лидерге” қарағанда “Янтарға” айтарлықтай күтім қажет емес. Оның үстіне Сыр салысының бұл сұрпы “Лидерге” қарағанда суға төзімді келеді. Пісіп-жетілу уақытында да айырмашылық бар. Мәселен, “Лидер” 120-125 күннен кейін ораққа ілінсе, “Янтарды” 90-100 күннен кейін жинай беруге әбден болады. Ал салмақ жағына келгенде бәрібір “Лидердің” маңызы жоғары. Биыл тек күріштің осы сұрпын егуі сондықтан. Биыл суды тамыздың 15-не бастық. Бұйырса қырқүйектің басында орақ саламыз, – дейді білікті маман.
«Ибраев» қожалығының қарқынды тірлігі көз алдымызда тоқтаусыз жалғасып жатты. Осындай иен даланы игеріп, молшылық майданына айналдырған дала дарабоздарына қырман тасысын дейміз.
