Kyzylorda-news.kz. Қармақшы аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде жылдағы дәстүрмен жасөспірімдер арасында бокстан  Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі» медалінің иегері Қуаныш Қаражанов атындағы республикалық дәстүрлі жарыс биыл жалауын 12 рет көтерді.

Жарысқа Алматы, Семей, Қызылорда қалаларынан, Жамбыл, Алматы, облыстарымен бірге, облысымыздың барлық өңірінен жас былғары қолғап шеберлері қатысты.

Қуаныш Қаражанов – Қармақшы ауданының тумасы. Ол спорттағы еңбек жолын туған жерінде бастап, спорттың бокс түрінен көптеген жастарға тәлім берді. Оның шәкірттері арасында Өміржан Әбдірахманов  полицейлер арасында бірнеше мәрте Әлем жеңімпазы атанса, Самал Бисенов Азия чемпионатының жүлдегері, Абай Тұрғанов, Жандос Топаев сынды шәкірттері ұстаз жолын жалғастырып, ауданда боксты дамытуға үлес қосуда. Сонымен қатар, Қуаныш Қаражанұлының тағы бір шәкірті Дәулет Аббазұлы кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты. 

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Жұлдызхан Ерқосаев қатысып, спорт саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарды саралып, жерлес спортшылардың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар, спорт ардагерлері Еркін Атабаев, Қуаныш Қаражанов сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс үш күнге созылып, оның қорытындысымен әр салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, олар аудандық мәдениет және спорт бөлімінің дипломдарымен, демеушілер тағайындаған сый-сияпатпен құрметтелді. Жарыс барысында жерлестеріміз де үздіктер қатарынан көрінді.

Тағы да оқыңыз: