Kyzylorda-news.kz.  Қармақшы ауданынан шалғай орналасқан Тәйімбет Көмекбаев ауылында кәсібін дөңгелентіп отырған жандар көп. Сондай кәсіпті серік еткен ауыл тұрғындарының бірі – Әсем Бекеева.

Ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген жас кәсіпкер Әсем Өркенбекқызы осыдан  екі жыл бұрын ауыл орталығынан «Еңлік» атты сауда орталығын ашты. Жарық та заман талабына сай ашылған орталықта  азық-түліктен басқа ауыл тұрғындары үшін күнделікті қажеттілікке арналған тұрмыстық,  құрылыс тауарлары,  оқушыларға арналған оқу құралдары, киім-кешек, ойыншықтар сатылады.

«Мен кәсіпке келгенге дейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата  мемлекеттік университетінде химия-биология пәні мұғалімі бойынша жоғары білім алдым. Содан кейін біршама жыл метериологиялық стансада еңбек еттім. Алайда, мен  көптен  арман болған кәсіпкерлікті жолдасым Нұрболмен ойласа келе іске асырдым. Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Бірақ, ерінбей еңбек еткен адамға, қай кезде де жол ашылады екен. Бірінші кезекте әрдайым қасымнан табыла білген жарымның, екіншіден, тынбай еткен еңбектің арқасында  қиыншылықтың бәрі артта қалып, жұмысым оңға басты. «Еңлік» атты жеке кәсіпкерлік құрып, сауда орталығын аштық. Айтпақшы, бұрындары ауылдың кейбір тұрғындары  аудан орталығына, Қызылорда қаласына, тіпті Қазалы ауданына қарасты Сарбұлақ ауылына барып, азық-түлік сатып алушы еді. Бүгінде сарбұлақтықтар біздің орталыққа келіп, саудамызды қыздырып жатқан жайы бар. Тіпті, Қуаңдария ауылының да тұрғындары  келіп, сауда жасайды. Ал, кәсіпті кеңейту жағына тоқталсақ, тұшпара өндіруді қолға алсам деген ой да бар. Ол да алдағы уақыт еншісінде. Жақын арада сауда орталығын кеңейтуді  жоспарлап қойдық. Орталық  жанынан тағы бір ғимарат салып, оны ауыл тұтынушыларын қажетті тауарлармен толықтырғымыз келеді. Әрине, бұл жоба аясында жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан да төмен пайызбен несие алсақ деген де үмітіміз бар», – деді ол.

Кәсіпкер Әсем Өркенбекқызы ауылда өткізіліп жатқан түрлі мерекелік іс-шаралардың белсенді қолдаушысы. Оны әрдайым жақсылықты істердің басы-қасында жүретін қамқоршы жан деп таниды ауыл тұрғындары.  Ал, жары, кәсібінің өрге өрлеуіне бірден бір себепкер Нұрболға келсек,  бұған дейін шекара қызметінде абыройлы қызмет еткен. Бүгінде Әсеммен бірге отбасылық кәсіпті  кеңейту мақсатында жұмыс істеуде. Тіпті, ол сауда-саттық кәсібімен бірге дәнекерлеушілікті де қоса меңгерген. Осы саланы әрі қарай дамытуды  қолға алғысы келеді. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жандандыруды алдағы уақытқа  мақсат етіп қойған. Алла қаласа алдағы уақытта елге қызмет көрсетсем ба деген талабы бар.

Тағы да оқыңыз: