Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласын көгалдандыру, көркейту мақсатында облыстық дін басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған ағаш егу акциясына аймақтағы этномәдени орталықтар мен діни бірлестіктер, мешіт имамдары атсалысты. Бұл ұйымдар арасындағы бірліктің, ынтымақтың, рухани сыйластықтың нығаюына негіз болмақ.
«Бүгінгі шараның ұйымдасуына қоғамдық даму басқармасымен қатар дін істер басқармасы қосылып тал егу акциясын жасап жатыр. Елді, жерді көркейту, тал егу барлық азаматтар үшін міндетті деп есептеймін. Осы үлкен акция жыл сайын өзінің реттілігін тауып келе жатыр. Себебі бұл акция тек қана бірлестіктердің мүшелірі ғана емес, олардың отбасы, жақындары да атсалысып жатыр», – деді облыстық дін істері басқармасының бас маманы Сәулет Сахиев.
Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, көшет отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайылып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.
«Бұл шараның маңызы зор. Өйткені қазақта айтады «бір тал кессең он тал ек» дейді. Яғни нағыз рамазан айына сәйкес келген осындай бір табиғатты қорғайтын, табиғатты аялайтын үлкен бір шара. Бүгінгі шараға да Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша қарасты мешіттерде қалыс қалмай өз үлестерін қосуда», – деді облыстық Ақмешіт-Сырдария мешітінің бірінші наиб-имамы Жақсыбек Әбиұлы.
Акция барысында ұйым мүшелерінің атсалысуымен балалар ауруханасының алаңқайына 100 түп шыбық отырғызылды. Дәстүрге айналған бұл шара әрбір тұрғының табиғат алдындағы жауапкершілігін сезіндіретіні сөзсіз.
Мұндай бағыттағы жұмыстар Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде де ұйымдастырылды. Тасбөгет кентін көгалдандыру мақсатында жыл сайын көктем мезгілінде тиісті жұмыстар атқарылады. Биыл да «Тал егу – сауапты іс» акциясы аясында ағаш отырғызу рәсімі өткізілді.
Тасбөгет кенті әкімі аппаратының қызметкерлері және Тасбөгет жастар орталығының ұйымдастыруымен кенттегі Е.Бозғұлов көшесінің бойына 250 түп қара тал, сыр талы, терек секілді тал көшеттері отырғызылды.
«Кентке жанашырлықпен қарап, қамқорлық танытуды парыз еткен әрбір азаматты өз үйінің ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызуға шақырамыз», − деп жазды кент әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жалпы, бұған дейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Тал егу – сауапты іс!» облыстық экологиялық акциясына қатысып, Орталық мешіт аумағында ағаш отырғызған еді. Іс-шараға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті мемлекеттік мекеме және құқық қорғау органдарының басшылары, белсенді жастар қатысты. Экоакцияға қатысушылар 500 көшет ексе, қала аумағына 3500 ағаш отырғызылды.
Еске салсақ, биыл Қызылорда облысының тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен белсенді айналысатын елді мекендері «Үздік аудан орталығы», «Үздік ауыл» және қала ішіндегі «Үздік мөлтек аудан» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.
