Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында еліміздің жүзеге асатын реформаларға қатысты бес бағыты белгіленген еді. Президент атап өткеніндей, еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындылды. Бастамалар жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Осы жылдар ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды.
ҚР Президенті елдің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Өз кезегінде аймақтағы кәсіпкерлік сала дамып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлердің саны 32,8 пайызға ұлғайған. Сәйкесінше, жұмыс істеп тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны 39,2 пайызға артқан.
Шағын және орта кәсіп экономиканы дамытуда айрықша рөл атқарады. Бүгінде аймағымызда шағын және орта кәсіпкерлікте 121 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, облыстың экономикалық белсенді халқының үштен бір бөлігін құрады. Осы жылы аталмыш кәсіпкерлікті 125 мың адамға жеткізу жоспарлануда. Бұл бастаманы іске асыруда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңбері дайындалып, 168 жоба субсидияланған. Сондай-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 273 жобаны қаржыландырған. Сонымен қатар өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібі 1,9 пайызға өсім көрсетіпті.
Бәрімізге белгілі, экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетеміз, инфляцияның алдын аламыз, тауар жетіспеушілігінен құтыламыз, экономиканы ілгерлетуге ықпал етеміз. Елімізде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар өте көп, ендігі оны тиімді пайдалана білудің жолын қарастырғанымыз дұрыс болар.
Айнұр ӘЛИ
