Kyzylorda-news.kz. Шиелінің шіліңгір ыстығынан күні бойы уақытын төрт қабырғада өткізетін балалар кешкі мезгілде бір ауық серуенге асығады. Әсіресе, аудан тұрғындары жалғыз демалатын орын орталық алаңға жиналады. Жанға жайлы, салқын жерде, қызылды-жасылды жарықтардың астында серуен құрады. Демалушылар көптеп баратын бұл орын кәсіпкерлер үшін қызу сауда нүктесі. Орталық алаңды саңырауқұлақтай жайлайтын ойыншық машиналар мен батуттар биыл да жыл құстарындай қайта келді. Көз жауын алатын түрлі-түсті ойын-сауық нысандарының қатары артқанына еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ олардың барлығы бірдей санитарлық талапқа сай ма? Шаң-тозаңға «көміліп» тұратын батуттар ауру «ошағы» емес пе? Осыны бір рет болсын ой елегінен өткізіп көрдіңіз бе?

Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңға серуендеу үшін келгенімде балалардың дені дәл осы батутта асыр салып секіріп, ойнап жүр. Иә, шынымен де түнгі мезгілде алыстан-ақ жарығымен көз тартатын түрлі бейнедегі батуттар, алаң ішін аралап шығатын велосипедтер, пультпен басқарылатын машиналар, балғындарға арналған «карусельдер» бала түгілі үлкендерді де қызықтырады екен. Орталық алаңға қарай ағылған көптің бірі болып велосипедті айдау үшін ұзын-сонар кезекке тұра қалдым. Бір байқағаным, алаңдағы алыпсатарлардың саудасы «қызып» тұр. Тәтті сусын ба, балмұздақ па, жүгері мен мақта ма – керегіңіздің бәрі бар. Алайда, мұндағы санитарлық талап мүлде сақталмаған десек артық айтқандығымыз болмас. Қауіпсіздік ¬туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. «Сақтансаң, сақтаймын» деген қағиданы мүлде жадымыздан шығарып алғандаймыз. Қарапайым батуттардың өзінде ешқандай сақтық шаралары жоқ. Оның тазалығына да күмәнданасың. Қысқасы, бір жағынан бала үшін қуанғаныңмен, екінші жағынан етегіңнен тартып тұратын кемшіліктерді көргенде «әттеген-ай» дейсің.

Ал нарық заманында өз ісін ашып, шағын бизнесті дамытып отырғандарға кедергі келтіру де – заңсыз. Өйткені, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру үшін тиімді шарттар ұсынылуда. Ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, өндірісті өркендетуге батыл қадам басқан тұста бизнеске мүмкіндік жасау қажет-ақ. Әйткенмен, пайда табамын деп, қарапайым нормаларды сақтамау ақылға сыйымсыз. Жоспарсыз тексерулерге мораторий жариялаған тұста Мемлекет басшысы кәсіп иелеріне кемшілікке бой алдырмай, бәсекелестік арқылы сапаны жақсартуды ескерткен еді. Бірақ, біз бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланудың орнына, кемшілікке бой алдыратынымыз өкінішті. 

Осы сұрақтар аясында жауапты мамандарға байланысқа шықтық. Мәлім қылғандай, кент әкімі мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, сондай-ақ, құрылыс пен кәсіпкерлік бөлімімен топ құрылып, олар күн райының қолайсыздығына байланысты тексеру жүргізіп отырады екен. Заңсыз қызмет көрсету нысандарына ескерту беріледі. Сондай-ақ арнайы үнпарақтар таратылып отырады. 

«Ал олардың санитарлық талапқа сәйкестігін тексеру біздің құзырымызға жатпайды. Себебі, «Кәсіпкерлік туралы» заңдылыққа өзгеріс енгізілгеннен бері бизнесті тоқтатуға болмайды», - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Азамат Ерназаров.

Санитарлық тазалық дегеннен шығады, аудан орталығында әлі де «жабайы сауданың» дәурені жүріп тұр. Жұрт жеміс-жидекті алыстағы базарға бармай-ақ жақыннан сатып алуға әуес. Қалта қамы үшiн таразыдан тарта жейтін кейбір алыпсатарлардың қулығына қарамайды. Заңсыз жолмен тиыннан теңге құрап отырғандарға өз құқығын өзі бұздырады да, әбден сан соғып қалғанда барып әділдік іздейді. Ондағы көкөністердің ыстыққа еріп, суыққа үсіп, болбырап, қарайып тұрған оғаштығы көп ойландырмайтын секілді.

«Осылай орталықтың ішінен орын алып, оған күнделікті төлейтін ақшаңның сыртында айналымға да біраз қаражат қажет. Бізге бала-шағаны асырау керек. Өйтпесек, екі қолға бір күрек болар жұмысымыз жоқ. Тым құрығанда, осылай күн көреміз. Жайма базарымыз болмаса, шиеттей бала-шағаны кім бағысады?» – дейді аты-жөнін атамауды өтінген саудагер.

Бұл пікірдің де астарында ащы шындық жатқаны ақиқат. Бірақ солардың қалтасында тауардың не сауда нүктелерiнiң санитарлық талаптарға жауап беретiнi жөнiндегi рұқсат қағазы жоқтығы жасырын емес. Қалай болғанда да, «жабайы сауда» кенттің кез келген тұсында жалғасып жатыр. Дегенмен, жаппай жауып тастауға сұранып тұрған нүктелердің нүктесін уақытында қойған дұрыс емес пе?
Осыдан бірнеше уақыт бұрын кәсіпкер, меценат Ербол Жеңсікбаев аудан әкімдігіне, аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында дәл осы тақырыпты көтерген е-тін. Яғни, аудан тұрғындарына жобалық құны жүздеген миллион теңгені құрайтын демалыс паркін соғатыны жөнінде жоспарымен таныстырғаны есімізде. Бірақ ыңғайлы жер табылмағандықтан кәсіпкердің бұл жоба ұсынысы аяқсыз қалды. Жарайды, біз мұны осындай тиімді жобаны ұсынып тұрған кәсіпкерге ыңғайлы орын тауып беру кәсіпкерлік бөлімі, құрылыс пен кент  әкімдігінің құзырындағы шаруа деп қарайық. Оның жуық арада болу, болмауы да неғайбыл.

Тағы да оқыңыз: