Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданындағы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сауыншысы Ұлтай Айтбаева биыл үздіктер қатарынан көрінді. Сүт өнімдерін өндіруді 125 пайызға жоспардан асыра орындап, жоғары көрсеткішке жеткен маманның еңбегі лайықты бағаланып, аудандағы «Алтын дән – 2022» еңбеккерлер мерекесінде «Озат сауыншы» номинациясымен марапатталды.
Ұлтай Айтбаева – 1980 жылдың тумасы. Тереңөзек кентінде өмірге келіп, балалық шағы осы мекенде өткенімен, отбасылық жағдаймен Шаған ауылына қоныс аударған. Содан бері берекелі Шаған ауылдық округінің тұрғыны. Ұлтай Айтбаева – бүгінде көпбалалы ана, 2003 жылы жолдасы екеуі отау құрған. Бүгінде шаңырақ көтергендеріне жиырма жылға жуық уақыт болған. Шаңырағы биік, есіктен қонақ үзілмейтін берекелі отбасында бес бүлдіршін әже мен атаның тәліміне, әке мен ананың тәрбиесіне, мейіріміне қанып өсіп келеді. Ұлдардың үлкені бүгінде үлкен өмірге қадам басқан. Биыл ғана Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанған. Екінші ұл биыл 11-сыныпты тәмамдап, ұядан түлеп ұшпақ. Қыздың үлкені 7-сыныптың үздік оқушысы болса, кіші қыздардың бірі – 5, кенжесі – 3 жаста.
Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен шаруаны үйлестірген ана 1997 жылдан бастап «Шаған Жер» ЖШС-де сауыншы болып жұмыс істеп келеді. Мектеп қабырғасын бітірісімен қызу еңбекке араласқан нәзік жанды еңбегінің жемісін көруде. Ұлтай Айтбаеваның бұл алғаны алғашқы марапаты емес. Еңбекке енді араласқан кезде, яғни 1998 жылы облыс бойынша «Озат сауыншы» атағын иеленеді. Жиырма бес жыл еңбек өтілінде сауыншы болып, оның арасында серіктестіктің қырман жұмысына да белсене араласқан. Сондай-ақ, жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп, еңбегі еленіп шаруашылықтың, ауыл әкімдігінің арнайы «Алғыс хатына» ие болып келеді.
Ұлтай Айтбаеваның ата-анасы да қазақтың көне кәсібі мал шаруа-шылығынан береке тапқан қарапайым жандар. Әкесі малшы болса, анасы сауыншы болып елге еңбегі сіңген. Ұлтай Айтбаева сауыншылықты кішкентай күнінен анасынан үйренген екен. Айта кетейік, Ұлтай Айтбаеваның анасы Анаркүл Айтбаева да кезінде «Озат сауыншы» атанған. Бүгінде отбасында ардақты келін, аяулы жар, асыл ана болып отырған Ұлтай Айтбаеваның отағасы да осы шаруашылық саласында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бір отбасы іргелі шаруашылық жұмысының ілгері жылжуына өзіндік үлестерін қосуда.
«Ата-бабамыз біліп кәсіп қылған ғой. Мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – азық. Отбасымызбен осы мал шаруашылығын кәсіп қылып, нәсібін көріп келеміз. Қазір Шаған ауылдық округіндегі белгілі шаруашылық «Шаған Жер» ЖШС-нің сауыншысымын. Жаздың күні таңғы төрттен бастап, күн салқында таңғы алтыдан бастап жұмысқа кірісеміз. Жаз бойы он бас жылқы саудым, қазір күніне 25 бас сиыр сауамын. Сүттен құрт, ірімшік секілді өнімдерді де өз қолымызбен жасаймыз. Сүтті, сүт өнімдерін тиісті орындарға сату үшін ұсынамыз. Әрине, табиғи өнімге халықтың сұранысы да жоғары. Жұмыстың оңайы жоқ, үлкен бейнетпен келеді. Халықтың шынайы алғысымен жасарып, шаршағанымызды ұмытамыз», – дейді Ұлтай Айтбаева.
Айта кетейік, серіктестік өз қызметкерлеріне жайлы жағдай жасауда. Бұл туралы 25 жылдан бері шаруаға араласып, еңбегімен елге елеулі болып жүрген Ұлтай Айтбаева «Бұрын бәрін қолмен жасайтын едік. Қазір техниканың түр-түрі ойлап табылуда. Соған сай қол еңбегі де екі есе жеңілдеп келеді. Серіктестіктің басшылық тарапы түрлі техникалармен қамтамасыз етіп, жұмысшыларға жайлы жағдай жасап, жыл сайын марапаттап, ынталандырып отырады. Сол үшін шаруашылық директоры Ж.Сыздықовқа алғысымыз шексіз» дейді шағандық сауыншы.

