Kyzylorda-news.kz. Нан көптеген адамдардың ас мәзіріндегі негізгі және маңызды өнімнің бірі болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек бір адам жылына орта есеппен 100 кг тұтынатыны анық. Негізінен, мамандар медициналық норма 120 кг тұтыну қажеттігін айтады. Егер оншақты жыл бұрын нан өндірушілер тек қалыпта пісірілген нан мен батонды ұсынған болса, бүгінде нан асортименті айтарлықтай ұйғалған екен.
Дәмді нанды қалай әзірлеу керек екенін бұл наубайханадағы әрбір қызметкер білетіні жасырын емес. Шаған ауылындағы кіші нан шығаратын цехтың жұмысымен таныстаруды ойға алған болатынбыз. Озық технологиямен жабдықталған ондағы өнімдерге деген сұраныс жоғары болып табылады.
Біз ас атасы нанның сан түрлі түрін дайындап шығарамыз. Сұраныс та жоғары екенін айта кетейн. Мұнымен қоса тәтті бәліштер, торт және самсаны тапсырыстың түсуіне байланысты дайындаймыз. Ал үй нанын күнделікті 120-150 бөлкеден үзбей пісіреміз. Себебі жақын жерлерге дүкендерге өткізіп, халыққа жібереміз, – дейді кәсіпкер Қарлығаш Үмітбекқызы.
Шағандық наубайханашы Қарлығаш Үмітбекқызы осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттен 8 00000 мың теңге қайтарымсыз қаражат алып өз кәсібін бастаған болатын. Бұрыннан осы саланы жақсы меңгерген кәсіпкер әйел бүгінде қарамағына екі жұмысшы алып, еңбекпен қамтып отыр. Ауыл тұрғындары да осы наубайхананың дәмді өнімдерін асыға күтеді. Себебі мұнда дайындалатын нанның оннан астам түрінің бағасы да сапасы да көңілге қонымды. Оны дүкен сөрелеріне келген әрбір өнімнің бір мезеттен өтіп кетуінен байқауға болады.
Бұрын тапсырыспен торт пісіріп үйден сататын едім. Кейін күйеуім өмірден өткеннен кейін үйдің бар ауыртпалығы өзіме түскені мәлім. Балаларыма демеу болып, оларды өмірге қанаттандыру керек. Бірде мемлекеттің кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп жатқанын естіп, бағдармалама аясында құжаттарымды тапсырдым. «Бұйырған кетпейді» дегендей, кәсібін қолдау тауып қайтарымсыз қаражатқа ие болдым. Осылайша, жұмыссыз әйелдерді қасыма жиып, нан пісірудің түрлерін үйреттім. Дайындауға қажетті нан пісірі газ пешінің екі түрін және торт дайындауға арналған миксер секілді дүниелерді алып, кәсіпті бастап кеттім, – деді ағынан жарылған кәсіпкер Қарлығаш Үмітбекқызы.
Ауыл арасында «Қарлығаштың торты», «Қарлығаштың наны» деген тіркестер бар. Дүкенге нан іздеп келген әрбір тұрғын осы кәсіпкердің өнімін бірінші сұрайды. Халық алғысына бөленген кәсіпкер әйелдің сапалы өнім дайындайтынын осыдан-ақ байқауға болады.

