Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының шаруалары егін егу қамына дайындық үстінде. Бүгінде диқаншылар ақ егісті болып та қойды. Енді Сырдың басты дақылы – күріш орналастыруға қамдануда. Мұндай жұмыстар «Шаған Жер» ЖШС-де қызу жүргізілуде.
Осы ретте шаруалар үшін техникалық база аса маңызды болып саналады. Шаруашылық жұмысының жанданып, егіннен мол өнім алу үшін техникалардың сақадай сай болғаны маңызды. Осыны ескерген серіктестік басшылығы биыл жаңа техникалар алуға жағдай жасады.
Ерте көктемде басталып, ала жаздайғы диқаншының маңдай терінің өтеуі –егінді төкпей-шашпай жинап алуы. Ол үшін техникалық базаның сақадай сай болуы шарт. Биылғы жылы серіктестіктің базасы кеңейіп, жаңа техникалар алуға мүмкіндік туды. Жер тегістеуге, егін егуге, оны жинауға тиімді, қуатты техникалар шаруашылыққа жеткізілді. Атап айтқанда, «Class Axion 820» маркалы 6 трактор, «Zoomlion 1604» маркалы 3 трактор, «Zoomlion 904» маркалы 3 трактор, «Case 4099» маркалы комбайн, жаңа түрік соқасы, «Class Lexion 750» маркалы 2 комбайн, 3 лазерлік жоспарлаушы, «Zoomlion 160» маркалы бульдозер, экскаватор тиегіш, телескоптық жүк тиегіш, дискілі тырма 4.5 метрлік және «MacDon» маркалы өздігінен жүріп шөп оратын машинаны шаруалар тізгіндейтін болады. Аталған техникалардың жұмысты жылдам әрі сапалы атқаруға мүмкіндігі мол, – дейді «Шаған Жер» ЖШС-нің директоры Жеңісбек Сыздықов.
