Kyzylorda-news.kz Кеше жылдағы дәстүрге сай Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығында жазғы тынығу маусымы басталды.
Тынығу лагерінің ашылу салтанатында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, өнерлі жеткіншектердің концерттік бағдарламасын тамашалады.

Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде балалардың жақсы тынығып, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына тілектестігін білдірді.
– Балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын асыға күтетін басты мерекелерінің бірі. Көптен күткен, сіздер үшін жыл ішіндегі ең жақсы айлар – жазғы демалыстар басталды. Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда балалардың сапалы білім алып, бақытты балалық шақ кешуі үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша 0-18 жас аралығында 25 193 бала бар. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін ауданымызда 37 мектеп, 51 балабақша, 24 мәдениет орталығы мен клубтар, 26 кітапханалар мен 12 спорттық нысандар жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылын барлығы 16 701 оқушы аяқтаса, 14 975 оқушына яғни оқушылардың 95,2 пайызын жазғы демалыс шараларымен қамту жоспарланып отыр. Сіздер үшін Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы өз жұмысын бастауда. Елдегі жасалып жатқан игі жұмыстардың барлығы еліміздің жарқын болашағы балалар Сіздер үшін жасалуда. Жүздеріңізден қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін. Бәріңізге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Болашақтарыңыз баянды болсын, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Аудан басшысының жылы лебізінен кейін демалушыларға арнайы аудан әкімінің мерекелік сыйлықтары ұсынылды.
Әрі қарай балалар ән шырқап, би билеп демалыс орталығының ашылу салтанатына келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетті.

Айта кетейік, демалыс лагері биыл жылдағы дәстүрге сай жазғы маусымда 7 ауысым ұйымдастырып, әр ауысым бойынша 125 оқушыдан, барлығы 900-ге жуық баланы қабылдамақ. Балалар мұнда бес мезгіл тамақтанады. Олардың уақытты көңілді әрі пайдалы өткізуі үшін 12 тәрбиеші және 13 үйірме тұрақты жұмыс жасауда. Демалушылардың денсаулығына арнайы дәрігерлерде қарастырылған.
