Kyzylorda-news.kz. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, қалалық «Айтбай» мешіті, Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен «Имам Науауидың 40 хадис жинағынан» интеллектуалдық жарыс өтті.
Білім додасында алғы сөз алған Қызылорда қаласының бас имамы Марат Үркімбаев жиылған жамағатқа хадис жаттап, амал етудің маңызы мен сауабын түсіндіріп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Қызылорда қаласы мешіттерінің жамағатынан құралған 10 команда жарыс ережесіне бойынша 40 хадистің қазақша мағынасын жатқа айтты.
Сайыс соңында Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысушыларды Мәуліт айымен құттықтап, аталған шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Бұдан кейін жарыс жеңімпаздарын қомақты сыйлықтармен марапаттап, өзге қатысушыларға алғыс хат табыстады.
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі І-орынды Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің шәкірттері қанжығаларына байлады. Жүлдегерлерге 70 000 теңге көліміндегі қаржылай сертификат табысталып, марапатталды. Ал байдаудың жүлделі ІІ орнын «Төлена ата» мешітінің шәкірттері иеленіп, 50 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ ІІІ орын мінберінен «Нұр» мешітінің шәкірттері көрінді. Жеңімпаздарға 30 000 теңгелік сертификат табысталды.

