Kyzylorda-news.kz. Халқымызда «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген даналық сөз бар. Еңбегі мен еңсесін тіктеп келе жатқан еліміз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Оның ішінде таудай тұлғалар мен дарынды ұлдарды дүниеге әкеліп, алтын бесігіне айналған киелі мекен Шиелінің тірлігі төрге, өндірісі өрге озып тұр. Ауданда соңғы жылдары өндіріс орындарының саны артып, қай салада болсын алға қарай жылжу байқалады. Әсіресе, ауданның дамып, өркендеуіне Шиелі кентінің қосқан үлесі зор. Еткен еңбек, төккен тер ақталып, Шиелі кенті облыстық байқаудан «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша екінші орынды иеленді. Сондай-ақ қалдық тасымалдайтын «КамАЗ» көлігі мен жол тазалайтын трактор және ассенизатор машинасын жеңіп алды. 

Өткен жылы қаланы абаттандыру, елдімекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймақта алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған болатын. Конкурстың талаптары таныстырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, кеңінен насихатталды. Биыл да аталған байқау жалғасын тауып, оқ бойы оза шыққан аудандар анықталды. Үздік елді мекендерді анықтау үшін азаматтық қоғам өкілдерінен, халық қалаулыларынан, тәуелсіз журналистер мен экобелсенділерден құрылған тәуелсіз сарапшылық комиссия жұмыс жасап, шешім қабылдады. Конкурс нәтижесін шығарып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткен аптада «Достық үйінде» ұйымдастырылып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаз ауылды атап, сый-сияпатын табыстады. 

Марапаттау рәсімінде аймақ басшысы ауылдар мен қаланы тең дамыту басым бағыттың бірі екенін атап өтті. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен айда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзқараспен қарауы тиіс» деген болатын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық дәстүрдің алтын қазығы саналатын сырбойылықтар бұл бастаманы негізгі қағида ететіні сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, ел Президенті өткен жылы қайта сайланғаннан кейін «Қазақстан Республикасының ауылдық аймақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжат аясында Үкімет пен әкімдіктер алдағы бесжылдықта ауылды дамытуға күш салуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстың әрбір елді мекеніне ауқымды шаралар үздіксіз ұйымдастырылуда, – деді облыс әкімі. 

Тазалық демекші, бүгінде Шиелі кенті әкімдігі назарынан бұл жұмыстар тысқары қалған емес. Таңның атысы, күннің батысы аула сыпырып, қоқыс сұрыптап, керексіз қалдықтарды тасып жүрген жұмысшыларды көзіміз шалады. Айта кетейік, бүгінде кент аумағында 43 жерде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған арнайы орындар бар. Сол 43 орынға қалдықтарды тастау үшін 163 қоқыс жәшіктері және сынап шамдар мен химиялық қуат беру көздерін жинауға арналған 24 дана жәшік қойылған.  Бұдан басқа қараша халықтың көзіне іліне бермейтін қаншама тірлік те атқарылып келеді. Қарапайым ағаштарды ақтау, жаяу жүргіншілерге арналған жолды сырлау сияқты тындырымды тірліктің өзі кенттің көркіне көрік қосып тұрады. Оның үстіне кенттегі хош иісті гүлдердің жайқалуы, оларды уақытылы суару және баптау сынды жұмыстар да аудан орталығының ажарын айшықтау үшін атқарылып келеді. Бұл әрине, тек кент жұмысшыларына ғана қатысты емес. Ауданның абыройы – тұрғындардың да абыройы. Сол себепті жыл сайын кент аумағында сенбілік ұйымдастырылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары атқарылады. Серпін берер сенбілікке барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар білек сыбана атсалысып келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы Шиелі кенті талайлар тамсанатындай халге жетіп отыр. 

Ал осындай нәтижелі жұмыстың атқарылуына «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының серпін берері сөзсіз. Осыны ескерген облыс басшысы марапаттау рәсімінде ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуді көздеген шараны жыл сайын атап өтуді жоспарлағанын тілге тиек етті. 

– Бүгін бірлік пен берекенің, тазалық пен абаттандырудың үлгісін көрсеткен жеңімпаздарға күнделікті тұрмысқа ең қажетті, заманауи үлгідегі техникаларды табыстаймыз. Тазалыққа жаны құмар қала тұрғындарының да абаттандыру бағытындағы еңбектері орасан. Жеңімпаз атанған шағын аудандарда сквер салу, көше, аулаларды жарықтандыру, балалар және спорттық ойын алаңдарын салу сынды жобаларды облыстық бюджеттен қаржыландыратын боламыз. Күзде «Үлгілі елді мекен» конкурсы қаланың шағын аудандары, аудан орталықтары мен ауылдар арасында қайта жалғасады. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттен 523 млн теңге қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары басталды, – деп Нұрлыбек Машбекұлы жақсы жаңалығымен бөлісті. 

Қазіргі уақытта ел экономикасын сауықтырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында әр салада ауқымды жобалар жүзеге асып жатқаны белгілі. Оның үстіне ел Президенті «Барлық бағдарламалардың нәтижесі айналып келгенде қарапайым адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, әр отбасының ауқатты тұруын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс» деген болатын. Осы тұста ауданда атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарын айналып өтсек жарамас. Себебі, әр абаттандыру жұмысы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Мәселен, Шиелі кенті, Т.Жүргенов, әл-Фараби, И.Панфилов, Қ.Шәкәрім және И.Әбдікәрімов көшелері бойында орналасқан футбол алаңдарында қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал жақын арада И.Әбдікәрімов көшесі бойындағы көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңының құрылысы басталмақ. Оған қоса аталған көшеге және Иманжүсіп аллеясына асфальт төсеу жұмыстары қолға алынған. Тек бұл ғана емес, бүгінде аудан халқы кешкілік серуенге шығып, бой жазып, таза ауамен тыныстайтын аллеялардың да саны артып келеді. Бұрынғыдай жастар қауымы да жазғы демалыста қайда барамын деп сенделмей, кеш қарайғанда бір мезгіл дене шынықтырумен айналысу үшін спорттық құралдар да қойылған алаңды кездестіре аласыз. Әрине, көптің көңілінен шығатын мұндай игі бастамалар осымен аяқталып қалмайды. Бұл туралы марапаттау рәсімінде облыс әкімі айтып өтті. 

– Тұрғындарының тілегі бойынша аудан орталықтарында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар мекемелерді біріктіріп, заманауи бір ғимарат етіп салу бағытындағы жұмыстарды қолға алудамыз. Бұл жұмыстар туған жеріміздің гүлденуіне оң әсер ететіні сөзсіз, – деп жаңа бастама туралы сөз етті аймақ басшысы. 

Облыстық байқауға қатысып, бақ сынаған өзге аудандар да марапатсыз қалмады. Сонымен қатар көркейту-көгалдандыру шараларына үлес қосқаны үшін бірқатар белсенді азаматтарға облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Іс-шара соңы облыс өнерпаздарының ән шашуымен жалғасты.

Тағы да оқыңыз: