Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Бекбауыл, Райым ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Ел Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан басшысы Арал ауданында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«9 айдың қортындысымен 9,2 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105,2 пайыз болды. Жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 17,0 млрд. теңге болатын өнім өндіріп, жалпы өсім 28,7 пайызға жетті. Ауданда өндірілген өнімдердің 70,0 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті мерзімдегі өңдеу өнеркәсібінің өсімі 34,1 пайызды құрады»,- деді Серік Сағитжанұлы.
Бекбауылдықтар аудан басшысымен кездесуде ауыл үшін өзекті деген бірнеше мәселені көтерді.
«Самара-Шымкент-Бекбауыл» бағытындағы автомобиль жолының құрылысы, Басықара каналының «Борлы маңы» тұсына автокөлік өткелінің қажеттілігі, шабындық және жайылымдық жерлерді суландыру, аяқ сумен қамту. Қазіргі таңда «Самара-Шымкент-Бекбауыл» бағытындағы автомобиль жолының барлық құжаттары әзірленіп, мердігер мекеме анықталған. Бұл бағыттағы жұмыстар белгіленген уақытта аяқталатын болады. Ал автокөлік өткелін салу бойынша жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, алдағы уақытта жүзеге асады. Сумен қамту, оның ішінде су ұңғымаларын орнату бойынша алдағы жылдың жоспарына енгізілетін болады»,- деді Серік Сермағамбетов.
Аудан әкімі жұмыс сапары барысында Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Құмбазар елді-мекеніне ат басын бұрды. Серік Сағитжанұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Құмбазарлықтар аудан басшысына ауылдағы интернет желісі мәселесін көтерді. Өз кезегінде Серік Сермағамбетов мобилді интернет мәселесі ұдайы назарда екендігін жеткізіп, ол үшін тиісті мердігер мекемелермен бірлескен жобалар жасалынатындығын айтты.
Мұнан соң аудан әкімі Райым ауылдық округі, Қызылжар ауылының тұрғындарымен кездесті. Онда тұрғындар дәрігерлік амбулаторияны қайта салу қажеттілігін тілге тиек етіп, жол мәселесін көтерді.
Аудан әкімі емдеу нысанының құжаттары жинақталып, ол бойынша жан-жақты жұмыстар жасалынып жатқанын айтты. Сондай-ақ ауданаралық автомобиль жолының құрылыс барысы өз бақылауында екендігін жеткізді.
Іссапар барысында әлеуметтік мекемелердің жылыту жүйесінің жұмыс барысы сараланды. Аудан әкімі қажетті сұйық және қатты отын қорын толықтай жасақтап, жеткілікті деңгейде ұйымдастыру керектігін айтты.

