Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті кеше «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң – барлық ардагерлер көптен күткен құжат болды десем, қателеспеймін.

Ашығын айту керек, бұл заңды тек Сыр еліндегі ғана емес, бүкіл еліміздегі ардагерлер қауымы қуана қабылдады. Себебі, аталған құжатта ардагерлердің сан жылдар бойы төккен тері мен адал еңбектері лайықты еленіп, тиісті жеңілдіктер қарастырылған.

Ең алдымен, бұл заңды енді қазақстандық ардагерлердің санаты кеңейтілгенін ереше атап өтуіміз керек. Осы уақытқа дейін еліміздегі “ардагер” деген санаттың аясы шектеулі болса, енді оған ҰОС ардагерлері, оларға ҰОС қатысушылары мен ҰОС мүгедектерінен бөлек, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс-қимылға қатысқан әскери қызметшілер, 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдар, сондай-ақ Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент қосылды.

Бұл – кезінде тағдырдың айдауымен Ауған соғысы секілді , сондай-ақ, Чехословакия мен Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан азаматтарымыздың жат жердегі от пен оқтың арасында жүрген ауыр күндерінің өтеуі болмақ.

Бұл – біріншіден.

Екіншіден – бұл заңда қазақстандық ардагерлерге төленетін жәрдемақы ұлғайып, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтардың салықтың 11 түрінен босатылатыны жазылған.

Сондай-ақ, енді еліміздегі ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетіндігі – өте құптарлық шешім.

Жаңа заңда ардагерлерге жеке тұрғын үй салу үшін бірінші кезекте жер учаскесін алу құқығы, коммуналдық тұрғын үй қорының үйлеріндегі өзі тұрып жатқан пәтерді меншігіне беру, техникалық-кәсіптік және жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезіндегі артықшылықтар, кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көлемін бірінші кезекте алу және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылыпты.

Бұдан бөлек, енді басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдардың ардагерлері ретінде танылатын жаңадан қосылған әскери қызметшілерге 4,8 АЕК (2020 жылы 13 334 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Социалистік Еңбек ерлері, оның ішінде ҰОС қатысушыларын ескере отырып, үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлеріне тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін «Қазақстанның Еңбек Ері» алатын жәрдемақы мөлшерімен теңестірілді. Яғни, жәрдемақы 138,63 АЕК-ке (2020 жылы 385 114 теңге) дейін арттырылмақ.

Мұны – қатары күннен күнге сиреп келе жатқан, ұрпағы үшін кеуделерін от пен оққа тосқан майдангерлердің ерлігіне жасалған тағзым деп білемін.

Сондай-ақ, 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-тегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 4,8 АЕК-ке (2020 жылы 13 334 теңге) дейін өсті.

Бұрынғы заңнамаға сәйкес мемлекеттен жеңілдіктер мен кепілдіктерді 169 мың ардагер алса, енді жаңа заң жобасы аясында 180 мыңнан астам ардагер қолдау шараларымен қамтылмақ екен.

Қайталап айтамын, бұл – ел болып күткен заң жобасы.

Жаңа заңның артықшылықтарын, ардагерлерге деген көмеген айтып тауысу мүмкін емес.

Осының бәрі үшін, ардагерлерге деген жасап жатқан жақсылығы үшін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық ардагерлердің атынан алғыс айтамын.

Қорыта айтқанда, жаңа заң – ардагерлердің еңбегіне берілген әділ баға.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағы да оқыңыз: