Tauelsizdik

Kyzylorda-news.kz. Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев есімінің қатар аталуы – заңды әрі әділетті.

Жаңадан азат­тық алған, егемендігін енді ен­шілеген елдің тізгінін ұстағаннан ауыр жүк жоқ шығар. Бұған тәуелсіздік алған тоқсаныншы жыл­дар Қазақстан үшін қай тұр­ғыдан алса да оңай кезең бол­мағанын қосыңыз. Осындай сындарлы сәтте тарихтың таңдауы, халықтың қалауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы туралы «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласын оқи отырып, осындай ойға келдім.

Шыныменде, бір отбасының ғана емес, бір мемлекеттің, бүкіл халықтың тағдырына жауапты болу – оңай шаруа емес.

Еліміздің бүгінгі қол артқан табысы, бағындырған биігі, жеткен жетістігі, дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін ке­ңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуы – мұның бәрінде Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, ерлігі мен өрлігі, қалт­­­қысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр.

“Елбасы – еліміздің негізін қалаушы, елдігіміздің символы, тәуелсіз Қазақ­стан­ның төл тарихының бастауында тұр­ған тұғырлы тұлға! Қазақ елі қарымды қайраткерге үнемі құрмет көрсетіп келеді. Сексеннің сеңгіріне сергек жеткен саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге! Тәуелсіздіктің бастауындағы ұй­қысыз түндер мен тынымсыз күндердегі атқа­рылған істерді кейінгі буын келешекте әлі талай рет зерделейді, әділ бағасын береді”, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында.

Расында да, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының еліміздің баянды болуы­на қосқан үлесі баға бергісіз зор!

Нұр­сұлтан Әбішұлы тарихтың сындарлы саға­тында биліктің басында болып, те­рең саясаткерлігінің арқасында елдің тәуелсіз дара жолын қалыптастыра білді.

Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды дамы­ған ел деп мойындайды, дүниенің төрт құбыласымен тең араласамыз.

Бүгінгі Мемлекет басшысының мақаласында айтылғандай, Елбасы – тарихи тұлға.

Олай болса, Елбасымыз аман, ел-жұртымыз тыныш болып, қасиетті Қазақстанымыз жасай берсін!

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағы да оқыңыз: