Kyzylorda-news.kz  Қазалы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Сенбілік барысында аудан орталығы мен барлық елді мекендердің орталық көшелері мен шет аймақтар күл-қоқыстардан тазартылды.

Кәсіпорын ұжымдары Әйтеке би кенті әкімшілігімен бірлесе отырып, белгіленген жеті  аймақ бойынша қазақ-орыс қорымдары, «Водокачка» елді мекеніне барар жол, Әйтеке би кентінің орталық көшелері мен шет аймақтарын қоқыстардан тазалап, өздерінің сүбелі үлестерін қосып, белсенділіктерін танытты.

Сенбілік барысында барлық елді мекендер бойынша 25,2 шақырым аяқ су арықтары тазартылып, қоқыстары арнайы орынға шығарылды.

Жалпы, тазалық шарасына 128 мекеме-кәсіпорын, 2144 адам, 28 техника жұмылдырылып, 32,5 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылды.

Айта кетейік, аталған сенбілікте «Жасыл аймақ» апталығы аясында Қазалы ауданы аумағында 400 түп ағаш көшеттері де отырғызылды.

Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі 5-ші аймақта да тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қазалыда өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Әйтеке би кентіндегі 5-квартал аймағында тазалық жұмыстары белсенді түрде  ауызбіршілікпен атқарылды.

Аталған аймақтағы арықтар, көше бойлары қоқыстардан тазартылып, тал мен электр желісінің бағаналары ақтап-сырланып, ретке келтірілді. Сондай-ақ, сенбілік барысында арнайы техникалар жұмылдырылып, мамандар тазалық жұмыстарының қарқынды жүруіне үлес қосты.

Сонымен бірге, білім саласының мамандары да тазалыққа біркісідей атсалысуда. Мәселен, қоршаған ортаға қамқорлық – құлыншақтар қамы ұранымен Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов бастаған білім қызметкерлері мен «Серпін» жастары «Шағала» балалар лагерінде тал отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

– Өздеріңізге белгілі, «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығындағы 29 гектар аумақта 45 мыңға жуық ағаштың жапырағы жайқалып тұр. Мұнда жаздыгүні мыңға жуық балақай тынығып, тәрбиеленеді. Балаларға жанашыр, келешегіне алаң ұстаз ретінде шәкірттің демалыс алаңының қоқыстан ада болуына алаңдап келгендеріңіз көңілге қуаныш ұялатады. Әрі-беріден кейін өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға қамқор болудың жарқын үлгісін көрсетіп жатқандарыңыз жан жадыратады. Өскен жер, туған өлкеміздің келбеті көріктене берсін, – деді Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов.

Айта кетейік, Қазалы ауданы мектептері «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Киелі мекен» апталығына белсене қатысты. Олар тарихи ескерткіш, ел арасында киелі саналатын аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

Тағы да оқыңыз: