Kyzylorda-news.kz «Достық үйінің» мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов аймақтағы саяси партия филиалдарының жетекшілері және өкілдерімен кездесті.
Кездесуді Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов жүргізіп, Сенат депутаттарының өңірлерге жұмыс сапарының негізгі мақсатына тоқталды. Атап айтқанда, халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамды толғандыратын мәселелерді көзбе-көз тыңдау, жергілікті ұсыныстарды жинақтап, Парламент қабырғасына жеткізу.
Кездесу барысында сенаторлар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған реформалар мен бастамалардың жүзеге асырылуы жайлы баяндап, заң шығару қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сондай-ақ, саяси партия өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында республикалық барлық 7 партияның филиалдары жұмыс істейді. Олар облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда, қоғамдық кеңестер мен өзге де алаңдарда белсенді қызмет атқарып келеді. Сол себепті, бұл кездесу - мемлекеттік саясат пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған маңызды алаң болды.
Басқосуға “AMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов және филиалдың жауапты бөлім басшылары қатысты.
Жиын соңында қатысушылар ел дамуы жолында бірлесе еңбек ету қажеттігін атап өтіп, сенаторлар барлық ұсыныс-пікірлердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.