Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданына бірқатар Парламент сенатының депутаттары Д.Әділбеков, Е.Сұлтанов, С.Алдашев, Б.Қаниев, Ә.Құртаев, С.Лұқпанов, З.Уашова, А.Ахметов, М.Бақтиярұлы арнайы іс-сапармен келді. Ондағы мақсат – өңірдің экономикалық саясат, инновациялық даму және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерімен танысу.
Шиеліде облыс басшысының қолдауы арқасында бірқатар нәтижелі жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Cоңғы жылдары өңірдің барлық саладағы дамуы айқын байқалады.
Сенаторларды аудан әкімі Н.Ахатов күтіп алып, өңірдегі бірқатар кәсіпорын мен мекемені аралады. Халық қалаулылары алдымен құны 64 млрд теңгені құрайтын «Гежуба Шиелі цемент» зауытына ат басын бұрды. Мұнда сенат депутаттарын ¬зауыт директорының орынбасары Фу Минг күтіп алып, зауыттың мүмкіндігімен таныстырды. ¬«Гежуба» іске қосылған күннен бастап 1 млн тоннаға жуық цемент өнімін өндірген. Оның 30 проценті Өзбекстан республикасына экспортталған. Сондай-ақ, зауытта 95 пайызы жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Сондай-ақ өткен жылы әлемді әбігерге салған індет өршіп, елде карантиндік режим жарияланған сәтте зауыт басшылығы қызметкерлерге 50 пайыздық жалақы тағайындап отырғанын тілге тиек етті.
Жалпы, «Гежуба Шиелі цемент» зауыты еліміздегі бірегей ірі өндіріс орны. Зауыттың жобалық құны – 64 млрд теңгені құрайды. Жылына 1 млн тонна цемент өндіретін қуаты бар. Оның 300 мың тоннасы тампонажды цемент болса, 700 мың тоннасы кәдімгі портланд цементі. Зауытта 260 адам жұмыс істейді. Оның 48-і Қытай елінде арнайы оқудан өтті.
Депутаттық топ одан кейін 2016 жылы іске қосылған жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «Ару Ана» шұбат өңдеу цехына барды. Мұнда депутаттар өнім өндіру барысындағы жаңа технологиялармен, жұмыс барысымен танысты. Тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, айран, сүзбе, құрт және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығарып отырған кәсіпорын өңірлік индустриалды картаға енгізілген болатын. Өндіріс орнының бас технологі Баян Сабырқызы депутаттарға өндіріс жайлы толық мәлімет берді.
