Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, “AMANAT” партиясының мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов өңірге жұмыс сапары аясында Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді.
Басқосуда сенаторлар Парламенттің заң шығару қызметі, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысы, сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі бағыттар туралы баяндады.
Қоғамдық кеңес өкілдері халық арасында жиі көтерілетін өзекті мәселелерді жеткізді. Атап айтқанда әлеуметтік қолдау шаралары, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы түйткілдер, ерекше балаларға жағдай жасау, МӘМС мәселесіне қатысты жағдайлар қозғалды.
Сенат депутаттары бұл ұсыныстарды мұқият тыңдап, Қоғамдық кеңестер — халық пен билік арасындағы маңызды көпір екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңірлік проблемаларды заңнамалық деңгейде шешу үшін диалог пен бірлескен жұмыстың қажет екенін жеткізді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы байланысты нығайтуға бағытталды.