Kyzylorda-news.kz Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына барып, күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясының жұмысымен танысты.

Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аталған маңызды жобамен таныстырып, 28 МВт қуат өндіретін күн электр станциясының өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызын атап өтті. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асырып жатқан компаниямен әріптестікті одан әрі жандандыру бағытында бірқатар бастамалар қолға алынғанын жеткізді.

Аталған жоба – Жалағаш кентінің шығыс бөлігінде энергия тапшылығын алдын алу мақсатында жүзеге асқан маңызды нысан. Станцияны «Nomad Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.

Жобаны жүзеге асыру үшін кент аумағынан жалпы көлемі 164 гектар жер учаскесі бөлінген, оның ішінде күн электр станциясының құрылысы 75 гектар аумақта орналасқан. Жалпы инвестиция көлемі – 19 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінгі күні бұл нысанда 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба ауданның экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

Халық қалаулылары станцияның жұмысына оң баға беріп, ел игілігіне одан әрі қызмет ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, болашақта осындай жаңартылатын энергия көздері арқылы еліміздегі электр энергиясы тапшылығын азайтуға бағытталған жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Күн электр станциясы Жалағаш 2.jpg

Тағы да оқыңыз: