Kyzylorda-news.kz. Сайлау – азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны болып табылады.

19 наурызда елімізде маңызды саяси науқан - Заң шығарушы органның төменгі палатасы болып табылатын Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен жергілікті уәкілетті орган Мәслихат депутаттарын сайлауы қатар өткелі тұр. Сайлау - еліміздің билік басына, саясат сахнасына халықтың қажетіне жарайтын, електен өткен азаматтардың баруына ықпал жасайды.

Биылғы сайлау еліміздің кемел келешегі жолындағы аса маңызды саяси науқан. Жаңғырудың жаңа үрдісі. Жаңарудың алғашқы баспалдағының бірі болмақ. Соңғы уақытта мемлекетіміздегі оң өзгерістер халықтың билікке деген сенімін арттыра түсті. Ал, өткелі отырған сайлау халық сенімін нығайта түспек. Сайлауда Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы бір мандаттық жүйемен сайланады. Сондай-ақ, облыстық маслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық тізім бойынша, 50 пайызы бір мандаттық жүйе тәртібімен сайланып, ауылдық және қалалық мәслихаттарының депуттары бір маңдаттық жүйе бойынша сайланатын болып бекітілді.

Сонымен қатар, саяси партиялардың тіркеуден өту тәртібі жеңілдетілгенін айта кету керек. Олардың сайлау қорытындысымен Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Депутаттық мандаттардың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беру заңмен белгіленді.

Енді мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Бұған сіз де өз үлесіңізді дауыс беру арқылы қоса аласыз. Ел болашағына бей-жай қарамай ұлтжанды, білімі мен білігі қатар ұштасқан, ел арасында беделі бар, жанашыр болашақ халық қалаулыларына сайлауда баршаңызды дауыс беруге шақырған болар едім. Ел болашағы үшін саяси науқанда дауыс беру әр біріміздің азаматтық борышымыз!

Нұрбол АППАЗОВ

Тағы да оқыңыз: