Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 31 мамыр саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Азалы жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі өткізілді. Мақсаты Зұлмат жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың тарихын таныстыру.
Кітап көрмесінде сол кезеңдегі тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбаны болған қайғылы оқиғалар мен деректер көрсетілген. Кітапхананың қорынан ұсынылған деректі материалдар және XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейхан және қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлы сынды қазақ зиялыларының еңбектері туралы кітаптар қойылды.
Кітап көрмесіндегі басылымдарда халқымыздың тарихындағы ең қасіретті жылдар – XX ғасырдың басындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезеңі баяндалады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қайғылы тағдырын баяндайтын фотосуреттер, құжаттар, кітаптар, журналдар, газеттер жинақтары ұсынылды. Сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ерекше табандылығы мен еліне деген адалдығын көрсететін құжаттар мен материалдар, атап айтқанда, кітапхананың қорындағы жаппай жазалаудың сол бір қиын-қыстау жылдарындағы зерттеулерде тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы «Аза: Қызылорда облысы» (Құрбан болған боздақтар туралы мәлімет), «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек, Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» және Т.Омарбековтың «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», М.Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты», С.Өзбекұлының «Арыстары Алаштың» тағы да басқа көптеген саяси деректі кітаптар және басқа әдебиеттер қойылды. Көрмеге аудандық мәслихат депутаттары Нұрғиса Жалғасбаев, Есет Табынбай және «Өнерпаз» БПҰ төрағасы Совет Бабанаев қатысты.