Kyzylorda-news.kz.Тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде  кәсіпкерлердің басым бөлігінің бақылау кассалық машинасын пайдаланбай,  тұтынушыға түбіртек берместен қолма-қол ақшамен есеп айырысатыны белгілі. 

Қолма-қол ақшамен сауда жасау немесе қызмет көрсету – алынған кірісті жасырудың және салық салудан жалтарудың ең кең таралған схемаларының бірі.

Қалыптасқан  жағдай тұтынушылардың  сатып алынған тауарлар, көрсетілген қызметтер мен орындалған жұмыстар үшін кассалық  түбіртек талап етпейтіндігін көрсетеді,  яғни  қолындағы тілімдей түбіртектің күні ертең  сапасыз көрсетілген қызмет пен тауар үшін тұтынушылық құқығын талап етудің құжаты екендігін түсіне бермейді.

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің дерегінше бақылау кассалық машинасын пайдаланбау және тұтынушыға чек бермеудің   басым бөлігі сауда саласына тиесілі. Мәселен, 2020 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда, 2 тоқсанда  ұрылған чек айналымы 9,1 млн.теңгеден 8,6 млн.теңгеге дейін немесе 0,5 млн.теңгеге азайып отыр.

Аталған департаментке «Азаматтық бақылау – түбіртекті талап ет!» акциясы аясында  тұтынушылардан  159 шағым келіп түскен, оның ішінде  104 хабарлама бойынша  бұзушылықтар расталмай,  56 салық төлеушіге «ескерту» түрінде әкімшілік шара және екі кәсіпкерге  83,2 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Кәсіпкердің тұтынушыға БКМ  түбіртегін беруі оның заңдық  міндеттемесі.  Кассадан чек талап ету –  әр адамның белсенді азаматтық ұстанымы.

Сондықтан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол ақшамен есеп айырыссаңыз, әрдайым түбіртек талап етіңіз.

Осы әрекетіңіз арқылы Сіз  тұтынушы ретінде өзіңіздің мүддеңізді қорғауды қамтамасыз етіп,  «көлеңкелі экономиканы» жоюға қатысасыз және кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестікті ынталандырасыз.

Тағы да оқыңыз: